Шығыс Қазақстанда арнасынан асқан Бұқтырма өзенінен төнген қауіп сейілді.
Бірнеше күн бойы толассыз жауған жауын мен сай-саладан еріп қосылған қар суының салдарынан су деңгейі шектік межеден 78 сантиметрге көтеріліп кеткен еді. Арқыраған ағынды су сол маңайдағы Зубов кентіндегі 13 үйдің ауласына жайылып, бақшасын басып қалды. Оқиға орнына құтқарушылар мен аймақ әкімі бастаған арнайы топ жедел жетті. Үй аулаларынан 7800 текше метр су сорылды. Өзен жағасын биіктету үшін 2 мың қап құм, мың тоннаға жуық тау жынысы жеткізілді. Қатер сейіліп, су деңгейі қайта төмендеді.
Амангелді Еңсегенов, ШҚО ТЖД басшысының орынбасары:
- Қазіргі уақытта ешқандай қауіп жоқ, енді халықтың айтуы бойынша бұл жылда көтерілетін жерасты сулары. Бұқтырма өзені жалғыз өзі емес, құятын өзендер өте көп. Анау Рахман қайнарынан бастау алатын болсақ, Алтай ауданы, Өскеменге дейін қаншама өзендер көп қосалқы деңгейін көтереді.