Олар сан салада еңбек етіп, еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосып жүр. Солардың бірі - Райм Тұранов. Ол ширек ғасырдан бері химия саласында еңбек етеді. Ұлт пен ұлысқа бөлінбестеп, ел үшін тер тегу парызым деп біледі.
Райм Тұрановтың ұлты түрік. Қуғын-сүргін жылдары аталары Қызылорда облысына департацияланған. Кейін ата-анасы Жамбыл өңіріне қоныс аударыпты. Өзі қазақ ауылында дүниеге келіп, солардың арасында өскендіктен, мемлекеттік тілді жетік меңгерген. 50 жастағы азамат 25 жылын химия зауытына арнаған. Бүгінде білгенін жастарға үйретіп жүр.
Райм Тұранов, зауыт қызметкері:
-Біздің зауыттың өзінде әртүрлі ұлт халық бар. Әрқайсысының білімі жұмысы сәйкес болып жатса, бастық бола алады. Отаным - Қазақстаным. Осы жерде туып өстім, кіндігім осы жақта кесілгеннен кейін осы жерде оқыдым. Жұмыс істеп жатырмын. Балаларым да олимпиадаға қазақша қатысып жүр. Көшу ойымда жоқ.
Ал орыс қызы Ольга Журавлёваның зауытта жұмыс істегеніне биыл 19 жыл. Анасы да осы өндіріс орнында еңбек еткен. Ольга алдағы уақытта ұлын да химия саласына баулымақ.
Ольга Журавлёва, цех басшысы:
-Зауытта қазақ, орыс, дүнген, түрік және корей ұлтының өкілдері жұмыс істейді. Бірлігі жарасқан ұжымбыз. Бір-біріміздің мерекемізді тойлап-құттықтау әдетке айналған. Мысалы, бізде жақында пасха мейрамы болды. Оның алдында Айт дегендей... Бір-бірімізге сыйластықпен қараймыз.
Жамбыл облысы химия өнеркәсібінің отаны саналады. Зауытта жұмыс істейтін мамандардың ұлты бөлек болғанымен, мақсаты бір. Бірлік пен татулықты ту етсе ғана жетістікке жетуге боларын жете сезінеді. Өңірде 87 этнос өкілі тұрады. Олар сан салада еңбек етіп, қоғам мен ел дамуына орасан зор үлес қосып жүр.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә