«Қазәуеорманқорғау» мамандары өртке қарсы жаттығу өткізді

  • 50
  • 02.05.2025, 18:41

Еліміздің оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда табиғи өрт қаупі сақталып тұр. Іле Алатауындағы қар еріп, былтырдан қалған ескі шөп кебе бастаған. Мұндай жерлерде өрт тұтана қалса, әп сәтте шыршалар өсетін орман алқаптарына таралуы мүмкін. Таулы аймақтардағы өртті сөндіру оңай шаруа емес. Ең бастысы – оттың таралуын дер кезінде анықтап, оның өзге аумақты шарпуына жол бермеу. Осындай төтенше жағдайларға «Қазәуеорманқорғау» мамандары бүгінде қызу дайындық үстінде. 

«Қазәуеорманқорғау» мекемесінің мобильді топтары өрт ошағына бірінші болып жетеді. Олардың міндеті жалынды тез оқшаулап, өзге аумаққа таралуына жол бермеу. Мұндағы ең күрделі кезең тікұшақтан арқанмен түсіп, басқа құтқару қызметтеріне арналған алаң әзірлеу екен. 40-50 метр биіктіктен шапшаң түсу шыңдалған маман үшін де оңай емес. Сондықтан әуе-десанттық топ жігіттері жыл сайын арнайы жаттығудан өтеді. Бұл жолғы жаттығуға Алматы, Талдықорған және Жамбыл әуе бөлімдерінен 24 десантшы қатысты. 

Сергей Поляков, «Қазәуеорманқорғау» РМҚК өрт сөндіру тобының нұсқаушысы:

- Ұшқыштың басты мақсаты – өрт сөндіруге арналған ілмектегі суды тез жеткізу. Ал десантшы неліктен арқанмен түседі? Себебі осы суды қабылдап алу үшін 25 шаршы метрлік алаң дайындаулары қажет. Өйткені жедел топтың жігіттерінде тек 20 литр су болады. Сондықтан десантшыларға үлкен міндет жүктеледі. 

Мамандардың айтуынша, биыл таулы аймақтағы өрт жылдағыдан ерте басталған. Шығыс Қазақстан, Абай облысында және Баянауыл ұлттық паркінен өрт шықты. Сонымен қатар «Қазгидромет» мамандары осы жаздың ыстық әрі құрғақ болатынын ескертіп отыр. Сондықтан сақтықты күшейту керек.

Бекзат Байшалов, «Қазәуеорманқорғау» РМҚК Алматы әуе бөлімінің басшысы:

- Өрт маусымы басталғалы бері Алматы облысында бізде екі орман өрті туындады. Оның біреуі Қарадалада, біреуі Бақанаста болды. Оның бәрі бізде сол орман иелерімен бірігіп, кішкентай аумақты өшірдік. 

Таулы аймақтағы дайындыққа Төтенше жағдайлар министрлігінің ұшқыштары да қатысты. Олардың міндеті мобильді топты өрт ошағына мүмкіндігінше жақын жеткізу. Ал «Қазәуеорманқорғау» экипажы болса, 3 тонна суды діттеген жерге жеткізіп, жалынды биіктен сөндіреді.

Айта кетейік, биыл өрт қаупі қазан айының соңына дейін сақаталуы мүмкін. Сондықтан мамандар халықты таулы аймақта абай болуға шақырады.

Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев