Астанаға республиканың түкпір-түкпірінен 250-ден астам мектепке дейінгі жеке ұйымдардың құрылтайшылары жиналып, мемлекеттік органдардың назарын мектепке дейінгі білім беру саласындағы жайттарға аударуды сұрады. Олар қандай бұйымтаймен келді? Жеке балабақшалар жабыла ма?
Жаңа тәртіпке сай жан басына шаққандағы қаржыландыру қысқарып, республикалық субсидия тоқтамақ. Кей өңірлерде әр балаға бөлінетін қаражат 10 мың теңгеге кемісе, тағы бір облыста 20 мың теңгеге дейін азаймақ. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл жалақы төлеуге де, мекемені ұстап тұруға да мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан бизнес иелері төлемақыны өсіруге немесе балабақшаны жабуға мәжбүрміз, - дейді.
Индира Ахметжанова, балабақша құрылтайшысы:
- Біз мемлекеттен қолдау сұраймыз. Қаржыландыруды қысқартпаса екен. Алматы облысында жан басына шаққанда бір балаға 62 мың теңгеден қаралған. Оның 30 пайызын ай сайын қысқарта берсе, оның зардабы көп. Ол бізге штатты қысқартуға, салық, коммуналдық төлем, арендаға әсер етеді.
Мәселе тек Алматы облысымен шектелмейді. Өзге өңірлерден келген кәсіпкерлер де табыс азайып, қызметкерлер жалақысын уақыты ала алмай қалғанын айтады.
Ләззат Нұрғалиева, балабақша құрылтайшысы:
- Сондай-ақ мемлектеттік балабақшадағыдай категория бойынша қаржыландыру жетіспейді. Бұл да өзінің кері әсерін тигізеді. Себебі жоғары категориялы маман тапшы. Сондықтан инфляцияға орай индексация жүргізуді сұраймыз. Осындай мәселелер шешімін таппаса, мектепке дейінгі ұйымдарға ешқандай құрылтайшы ақша салмайды.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінгі күні қаржыландыру жан басына шаққанда республика бойынша 56-58 мыңды құрайды. Қызылорда облысында экологиялық коэфициенттің есебінен көрсеткіш 76-78 мың арасында. Ал мектепке дейінгі білім беруге мемлекеттік тапсырысты азайту жөнінде ешқандай түбегейлі шешім болмаған.
Манар Адамова, ҚР ОАМ Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры:
- Мемлекеттік тапсырысты жан басына шаққандағы мөлшерін азайту емес, мөлшерін тағайындауға байланысты жергілікті атқарушы органның өзіне шешім қабылдауға мүмкіндік беру туралы жекелеген облыстардың әкімдерінен осындай ұсыныс түскен болатын. Бұл министрліктің тарапынан қазір талқылауда. Сондықтан да бұл туралы министрлік шешім қабылдамағанын жеткізгім келеді.
Қандай шешім шықса да балабақша жай бизнес емес, бала болашағының бастауы екенін ұмытпасақ екен.
Құралай Жұмахан, Айбын Құсанбеков