Түркістанда жаңа жобалар іске қосылады

  • 145
  • 02.05.2025, 18:34

Туристік әлеуеті жоғары деген аймақтардың бірі - Түркістан. Ұлы Жібек жолы бойындағы шаһарға арнайы баратын демалушылар қатары аз емес. Шетелден келген қонақтарды не қызықтырады? Өңір туризмінің өрісін кеңейту үшін қандай жобалар қолға алынды? 

64 жастағы Түркістан қаласының тұрғыны Ләззат Есекеева құралайды көзге атқан мерген емес, бірақ адырна тартып, нысана көздей алады. Көшпенді қазақтың ұрпағы ұлттық өнерді шетелдік меймандарға дәріптеп жүр. 

Ләззат апа үйіне келген шетелдік қонақтармен аудио аудармашы арқылы түсініседі. Мына екі жас Британ елінен келген. 

Саскиа Грехам, саяхатшы:

- Садақ ату ерекше әсер сыйлады. Көшпенді халықтың салт-дәстүрімен жақынырақ танысып жатырмыз. 

Зейнеткер шетелдіктерге негізінен ұлттық ас-ауқат ұсынады. Құрт-май, ірімшік, тары-талқаннан дәм таттырады. 

Ләззат Есекеева, қала тұрғыны:

- Таңғы асқа мен оларға тары және талқан беремін. Кешке ет асып беремін. Болмаса, қазақша көже істеп беремін. 

Түркістанға келген туристерді ұлтымыздың тарихы мен мәдениеті, қолөнері қызықтырады. Тарихтан сыр шертетін орындар мен жәдігерлерді көруге асығады. Бұл ретте Күлтөбе қалашығының орны ерекше. Алайда археологтар көне шаһардың орнын қонақтарға көрсету үшін көптеген жұмыстар атқарылуы керек екенін айтады. 

Марат Тұяқбаев, археолог:

- Мына жерден біз монша таптық. Бұл душ сияқты монша. Оның қасында мектеп бар. Қақпаның түбінде керуен сарай бар. Керамистер цехы бар. Соларды бәрін ашпаса да моншаны істеп қоюға болатын еді. Керуен сарайды қалпына келтіріп, игілікке беріп, жұмыс істеу керек. 

Жергілікті биліктің айтуынша, Күлтөбе қалашығын дамыту концепциясы жасалған. «Қылует» рухани орталығы таяуда пайдалануға берілмек. Қолөнершілер қалашығы туристік кешеннінің де құрылысы аяқталуға жақын. 

Мұхтар Ақжігітұлы, қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы:

- Қолөнершілеріміздің барлығы өзінің бұйымдарын жасап, осы жерде шығыс базары, шоурымы бар, осы жерде саудалайтын болады. Алдағы қолөнершілеріміздің жалға алған ғимараты, құрал-жабдығы, шикізатының 25%-ы жергілікті әкімдіктің көмегімен субцидияланатын болады.

Қалада инвесторлардың есебінен аквапарк, қонақүйлер салынады. Өзбекстанға барған туристерді осында тарту үшін «Самарқанд-Түркістан» әуе рейсі ашылады. Туристік автобустар мен арнайы такси қатынайды. Ұлттық ойындарды тамашалайтын көпбейінді ипподром салынып, Көшпенділер ойынын Түркістанда тұрақты түрде өткізіп тұру жоспарланған.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов