Абай облысындағы Тассай ауылының тұрғындары үп еткен желге сөнетін электр желісін жаңартуды сұрап отыр. Жергілікті жұрт әкімдікке шағым айтқалы 10 жылдан асыпты. Бірақ жауаптылар түрлі сылтау айтып, жұмысты кейінге шегеріп келеді. Мәселе қашан шешімін табады?
Әлия Байжұманованың Тассай ауылында шағын дүкені бар. Электр энергиясы сағаттап сөніп қалған кезде тоңазытқышта сақталатын тауарлары бүлініп, талай мәрте шығынға батқан.
Әлия Байжұманова, Тассай ауылының тұрғыны:
- Ақшаға алуын аламыз ғой. Бұзылады, бұзылғанын шығарымыз енді. Жарық өшкен кезде балмұздағымыз еріп кетеді. Оны шығарамыз, оны қайтадан апарып өткізе алмаймыз ғой. Өзіміздің мойнымыздан шығарамыз.
Тассай ауылында 234 үй бар. Жарыққа қатысты халық шағым айтқалы он жылдан асқан. Бір сөніп, бір жанған қуат көзінің кесірінен несиеге алған тұрмыстық техникамыз жиі істен шығады, - дейді жұрт.
Қуан Түсіпбеков, Тассай ауылының тұрғыны:
- Қайта-қайта өшіп, жастар жарықсыз жұмыс істей ме? Қазір теледидар көреді, интернеті бар, тоңазытқыштары бар. Малын салады сойып, күнде мал соймайды сасып кетеді. Лақтыруға тура келеді. Жарық болмай қалғаны ауыл үшін өте қиямет.
Бүгінде ескірген электр желілерін ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжат жасалған. Аудан әкімінің айтуынша, бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 8 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген.
Әділет Қожанбаев, Көкпекті ауданының әкімі:
- Тартылған желілер мен сымдар ескірген. Сымдар созылып, жел соққан кезде бір-біріне тиіп кетеді. Бұл аздаған қиындық туындатып отыр. Қысқа тұйықталу болған жағдайда бүкіл ауылдық округте жарық сөніп қалады. Жерасты арқылы жүргізілетін сымдарға қажетті қаражат бөлінді. Биыл бұл мәселе толық шешімін табады.
Аудан басшылығы электр желілерін жаңарту жұмыстары тамыз айында басталып, жыл соңына дейін мәселе шешілетінін айтты. Жалпы Абай облысындағы электр желілерінің ұзындығы 15 мың км асады. Бүгінде оның 96 пайызы тозған.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов