Семейде 60-тан астам адам ақшасын құрылысы бітпеген үйге құйған. Үлескерден қаражат жинап алған компания құрылысты заңсыз, құжатсыз жүргізген. Сондықтан сот баспананы сүру керек деген шешім шығарған. Енді жылдап жинаған қаржысын баспанаға салғандар үйді заңдастырып беруді сұрап отыр.
«Дала СК» тұрғын үй кешенінің учаскесінде алты тоғыз қабатты үй бой көтеруі тиіс еді. Бірақ қазір құрылыс тоқтап тұр. Өйткені сот тұрғын үйді сүру туралы шешім шығарған. Алайда халық қарсы. Солардың бірі - Қалбатау ауылынан келген Кенжеш Рахымбаева. Ол ауылдағы үйін сатып, ақшасын осы баспанаға салған.
Кенжеш Рахымбаева, үлескер:
-Екі бөлмелі үйге салдық 12 млн ақшамызды салдық. Мысалы, ауылдағы үйімді сатып, ол үйлер салынғанша әкімшілік қайда қарады. Енді 10 этажға дейін көтеріліп қойғаннан кейін, қанша адамның ақшасы салынғаннан кейін бұл үйді заңсыз деп бұзу керек деп жатыр. Не үшін? Заңсыз болса, сол кезде неге тоқтатпады?!
Ершат Ерсінов, үлескер:
-Ауылда тұрып вложение жасағандар бар. Өз үйлерін сатып кіргендер бар. Қазір пәтерде тұратын адамдар бар. Енді қазір сносқа кетеді деп бұл үйді сносить етіп тастады. Ал содан кейін халықтың жағдайы не болады салымшылардың?
Құрылысқа жауапты компания өкілдері тұрғындардан шамамен 900 миллион теңге ақша жинап алғандарын айтады. Енді жұмысты соңына дейін жеткізу үшін рұқсат сұрап отыр. Компания басшылығы құрылыстың құжаты әу баста болмағанын мойындады.
Дәурен Жұмағұлов, құрылыс компаниясының құрылтайшысы:
-Біз мемлекеттік актіні уақытында алып үлгермей қалдық. Қателігімізді толық мойындаймыз. Бізге 60-тан астам тұрғын қаражат салды. Енді құрылысты аяқтауға мүмкіндік берсе екен дейміз. Жауапкершіліктен қашып тұрған жоқпыз.
Тұрғындармен кездесуге облыстық құрылысты бақылау басқармасының басшысы келді. Ол сот шешімін орындауымыз керек деп қысқа қайырды.
Сайлауғали Байназаров, Абай облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
-Соттың екі шешімінде де мәжбүрлеп бұзу бойынша шешім шығарылған. Кейінгі кезде мәлім болған нәрсе ол алпыстан көп азамат бұл үйге өзінің қаржысын салып үлгерген. Ол қаржылардың қазіргі қайтарылуы соттың шешіміне байланысты болады.
Құрылысқа жауапты компания сот шешімімен келіспей, апелляцияға берген. Мамандардың айтуынша, егер баспананың құжаттары заңдастырылып, дәлелденсе құрылыс жалғасады. Егер шешім өзгеріссіз қалса 60-тан астам адам үйсіз, ақшасыз қалуы мүмкін.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов