Қосшының инфрақұрылымы әлі де сын көтермейді

  • 124
  • 05.05.2025, 18:34

Тұрғындар жол, су, жарық және қоқыс мәселесін көтеріп шағымданып отыр. Әкімдердің уәдесінен шаршаған қосшылықтар редакциямызға хат жолдады. 

Бұл қаладағы Тоныкөк көшесі. Ұзындығы шамамен бір шақырымға жететін көшенің бойында 50-ден астам түтін бар. Яғни кемі 300-ге жуық адам осы көшемен жүреді. Бірақ оның бүгінгі жағдайы осы. 

Нұржан Тілеужанұлы, Қосшы қаласының тұрғыны:

-15 жылдан бері осы жол үшін күресіп жүрміз. Ең алғашқы жылдары мына жолды салғызарда ешкім қарамады бізге, салмады. Сонда әрбір двордан, әрбір үйден 25 мың теңгеден ақша жинап алып, мына бүкіл көшеге дресспа төккіздім. Осы Абай көшесінен Қалдаяқовқа дейін дресспа төккіздім. Анау жақтан грейдерді жалдап әкелдім. Катокты жалдап әкелдім. Өзім мініп алып, мынау ең бірінші мынау көшеге қалып кіргізген едік.  

«Одан бері 10 жылдан астам уақыт өтті. Бірақ бұл жол әлі де әкім-қараның назарынан тыс қалып келеді. Тегіс, тас жолмен жүру арман болып барады»,дейді тұрғындар.

Нұржан Тілеужанұлы, Қосшы қаласының тұрғыны:

-Ал енді қазір инфрақұрылымның заңы бойынша келетін болса, әрбір жер берілгенде, население, адамдар қоныстанған кезде бұл көшеде светің де, жолың да, суың да, канализацияң да бәрі тартылып тұру емес пе? Ешнәрсе істелмеген міне. Көрдің бе, міне 10-15 жылда ешнәрсе істелмеген. Сол беті қалды міне. 

Орталықтан келетін судың орны да қаңырап тұр. Құбыры тартылған. Алайда су жоқ. Тұрғындар өздері жерді қазып су алып отыр. Ал ауызсуды тасып ішеді. Себебі жерасты суының иісі бар. Ішуге жарамайды, дейді. 
Тоныкөк көшесінің тұрғындарын алаңдатқан тағы бір мәселе - қоқыс жәшіктері. Мұнда бір көшеге 2 жәшік қойылған. Оның өзін тұрғындар өздері әкеліп қойған .  

Азамат Досаев, Қосшы қаласының тұрғыны:

-Тазалыққа жауапты көлік кейде келмейді. Себебі қыста жол тазаланбайды. Ал көктемде бұл жер батпақ болып жатады. Көлік өте алмайды. Өрт сөндіру көлігі де өте алмай кеткен. 

Қосшылықтардың бұл шағымдары бүгін ғана емес, 10 жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе. Қала, одан қалды облыс әкімшілігінің есігін тоздырдық. Бірақ шешілмей отыр дейді. 

Нұрлан Садыров, Қосшы қаласы әкімінің орынбасары:

-Қазір Тоныкөк көшесінің бойымен құбырлар жүргізілді. Енді оларды бір-бірімен қосу (байланыстыру) жұмыстары жүріп жатыр. Көше тұрғындары жыл соңына дейін орталықтандырылған су жүйесіне қосылады деп жоспарлап отырмыз. Ал жол мәселесіне келер болсақ, бұл ұзын көше. Қазір оның сол бөлігіне тасжол салуды бастап кеттік. Оң бөлігі келер жылға қалады. 

«Осыдан 4 жыл бұрын қала мәртебесін алған Қосшы күннен күнге өсіп жатыр. Сондықтан инфрақұрылым мәселесін бірден шешіп үлгермей келеміз», деген атқамінерлер мәселе назардан тыс қалмайды деп уәде берді.  

Алуа Маханбет, Қали Несіпбаев