Қазақстанда тыңайтқыштың жаңа түрлері шығарылады

  • 43
  • 05.05.2025, 18:56


Бұл туралы бүгін Үкіметте айтылды. Жоспар жүзеге асса импортқа тәуелділіктен құтыламыз. Сондай-ақ битум өндірісін дамыту көзделуде. Жалпы қазір еліміздің химия саласында 49 жоба іске асырылып жатыр. Олардың бәрі дерлік өңделген өнім шығаруға бағытталған. 

Химия өнеркәсібі кез келген елдің ілгерілеуіне ауадай қажет бағыт. Ол мықты болған жерде мұнай мен газден бастап, тау-кен өнеркәсібі, металлургия, құрылыс сияқты салалар тіпті ауыл шаруашылығының дамуы қарқынды жүреді. Мәселен, тыңайтқыш шығару тап осы химияның күшімен жүзеге асады. Айтпақшы елімізде алдағы 5 жылда тыңайтқыш өндіру көлемі 4 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Демек ипортқа тәуелділіктен құтыламыз. 

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Жоспардағы өсімге биыл іске асатын жобаларды полипропилен өндірісін 32%, натрий цианидін 15%, тыңайтқыштар мен фосфорды 13% арттыру арқылы қол жеткізу көзделген. Отызыншы жылға дейін жергілікті егіншілерді отандық тыңайтқыштардың негізгі түрлерімен толық қамтамасыз ету жоспарлануда. Сонымен бірге карбамид, калий хлориді сияқты жаңа тыңайтқыш түрлерін өндіру жоспарлануда. 

Келесі маңызды өнімнің бірі – битум. Мамандардың бағалауынша, біздегі зауыттар жылына оның 1,5 млн тоннасын дайындай алады. Бастысы жол салатын компаниялар тапсырысты уақытында беруі қажет. Дегенмен Қазақстан белгілі бір мөлшерде битум импорттауға мәжбүр.  

Еліміздің химия өнеркәсібінің дамуы туарлы да айта кетсек. Былтыр саланың өндіріс көлемі 7,7% ұлғайыпты. Ал өнім экспорты 2 млрд АҚШ долларынан асқан.  

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Шикізат ресурстары мен мұнай бағасы құбылып тұрған қазіргі жағдайда өңдеу көлемін ұлғайтып, дайын өніммен сыртқы нарықтарға шығу керек. Бұл экономиканың қуатын арттырып, сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Дегенмен шикізатты терең өңдеу бағытында саланың әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Күрделі өнім шығару көлемі әлі де төмен.  

Үкімет басшысының бұлай сын айтуы бекер емес. Бүгінде химия өндірісіне арналған шикізаттың шамамен 45% терең өңделмеген қалпы экспортқа шығарылады. Жағдайды түзеу үшін қазір еліміздің химия өнеркәсібінде 49 жоба іске асырылып жатыр. Ал алдағы он жылда салаға 4,8 трлн теңге инвестиция тарту көзделген.  

Ердәулет Ыбырайұлы, Аян Сәрсенбаев