Шерзат ісі: сот процесінде куәгерлерден жауап алынып болды

  • 36
  • 05.05.2025, 18:43

Талдықорғанда «Шерзат ісіне» қатысты сот процесінде куәгерлерден жауап алылып болды. Алдын ала тыңдалым мен алты рет өткен сот отырысында 20 шақты адам куәлік етті. Бүгін Сәкен Әкежанов есімді азамат көрген-білгенін баяндады. Оқиға болған көшенің бойында тұратын ол оқ атылғаннан кейін пәтерінің балконынан шығып қараған екен. Сол кезде бір топ ер адамның тізерлеп отырған баланы ұрып жатқанын және әйел адамның көмек сұрағанын көрген. Содан кейін оқиға орнына жедел жәрдем шақыртыпты. Сонымен қатар Наргиз Низамеддинова біршама мәлімет айтты. Ол «Ат» деп бұйрық берген кісі қара киімде болғанын жеткізді. Шерзатты қызыл баскиімдегі арық дене бітімді жігіт ұрғанын, анасы араша түспек болғанына қарамастан бір топ адамның соққы жасауды жалғастырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ тергеу барысында жазылған бейнетаспа көрсетілді. Онда марқұм Нұрқанат Гаипбаев өзін және Шерзатты пышақтағандарды суретіне қарап таныған. Осымен жәбірленуші тарап пен куәгерлердің пікірі сұралып болды. Ертең күдіктілерден жауап алынады.