Шымкенттік алып күштің иесі Артық Досалиев Қазақстан рекордын жаңартты. 52 жастағы спортшы салмағы 120 тонна болатын вагондарды сүйреп, 21 метр 40 сантиметр жылжытқан. Алдымен Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі жүктің салмағын тексеріп, арақашықтықты өлшеген. Артық Досалиев пауэрлифтингпен үш жылдан бері айналысып келеді. Ол спорттың бұл түрінен 5 рет әлем чемпионы, 2 дүркін Еуропа және Азия жүлдегері атанған. Бұл жетістігін жеңістің 80 жылдығына арнап отыр. Нәтиже көрсету үшін бір жыл бойы дайындалған.
Артық Досалиев, пауэрлифтингтен әлем чемпионы:
- 80 жылдық Жеңістің қарсаңында осындай рекорд орнатуға ниет етіп, батыр бабаларымыздың рухына тағзым жасап, бүгінгі рекордымды сол кісілердің атынан жасап отырмын. Ендігі жылға да осындай жеңістердің қарсаңында 6-7-10-20 вогонға дейін сүйреуге ниеттеніп отырмын.
Бақытжан Тастүлеков, Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі:
- Бұрын соңды Қазақстанда болмаған рекордтың орнатылғанын көріп, куә болып отырмыз. Оның алдында біз жолдың тегістігін тексердік. 21 метр 40 см-ге тартты. Жалпы салмағы 120 тонна.