Жау әскерінің үрейін алған Талғат Бигелдиновтің есімі ел есінде

  • 30
  • 05.05.2025, 18:54

305 рет көкке көтеріліп, жау әскерінің үрейін алған Талғат Бигелдиновтың есімі ел есінде. Ол - Екінші дүниежүізілік соғыстың үздік ұшқыштарының бірі әрі Кеңес Одағының батыры атағын екі рет алған жалғыз қазақ. Зеңгір көкте өткізген 500 сағаты жаужүрек жігіттің даңқын бүкіл әлемге паш етті. Көк батыры осындай ауыр жолдан өтсе де, ұрпағының есінде әрдайым көңілді әрі мейірімді адам ретінде қалыпты. 

Екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысының Майбалық ауылында туған. 20 жасында майданға аттанып, 144-гвардиялық шабуылдаушы авиация полкінің құрамында болды. Талғат Бигелдинов өзінің Ил-2 жаудың төрт Мессершмитт және бір Юнкерсін жояды. Ил-2 әуе шайқасына арналмағанмен епті ұшқыш дұрыс тактика қолданып, фашистердің жойғыш ұшақтарын атып түсіреді.

Талғат Бигелдинов, Кеңес Одағының екі мәрте батыры:

-Қарасам, оң жағымда Мессершмитт. Маған шабуыл жасады да, бұрылып кетті. Бұл ұшақты алғаш рет сонда көрдім. Қайта бұрылып, арт жағымнан тағы жақындап келді. Содан екеуміз айналып келіп, тура қарсы шыға қалдық. Дереу нысанаға алдым. Атып түсірдім. Түтіндеп барып құлады. 

Барлау мен жау шебін бомбалау ұшқышқа жүктелген міндет. Талғат Жақыпбекұлы бұл тапсырманы бұлжытпай орындайды. Бигелдинов жаудың танк, қару-жарақ тасыған автокеруендеріне қырғидай тиеді. Достарының көз алдында қаза тапқанын да көрді. Дегенмен батырдың қызы Галинаның айтуынша, Талғат Бигелдинов соғыстағы қасіреттен гөрі, қызықты сәттерді көп айтады екен.
 
Галина Бигелдинова, Т. Бигелдиновтің қызы:

-Қызықты оқиғалар да болған. «Берлинге ұшып келіп, қонып жатырмын. Алаң дәл менің ұшағыма лайық сияқты. Қондым. Капотты көтеріп қарасам, қарсыдағы көпқабатты үйдің терезелері толы адам. Бәрі немістер. Ұшаққа жылдам қайта отырып, ұшып кеттім»,-деп күліп отыратын. 

Соғыстан кейін Талғат Бигелдинов елге қызмет етті. Депутат болды, авиациялық ұйымдарды басқарды, жастарды тәрбиелеуге атсалысты. Бүгінде оның есімі еліміздегі бірқатар көше мен мектептерге, сондай-ақ Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштері әскери институтына берілген. 

Асылбек Мұхамбетов, Т. Бигелдинов атындағы ӘҚК әскери институты басшысының орынбасары:

-2022 жылдың 5 тамызында әскери институт базасында Талғат Бигелдинов атындағы музей ашылды. Бұл бастама аты аңызға айналған ұшқыштың 100 жылдығына орай ұйымдастырылды. Оған батырдың өмірінен сыр шертетін құнды жәдігерлер қойылды.

Бигелдинов көкке көтерілген сайын Кеңес әскерін жеңіске жетелей түсті. Аспанда қырандай самғаған батырдың ерлігі ұрпаққа үлгі. Оның мемуарлары болашақ ұшқыштар үшін өшпес өнеге, сарқылмас қазына іспетті. 

Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов