Қостанай облысының Меңдіқара ауданында республикалық «Алау» әскери-спорттық ойындарының облыстық кезеңі өтті. Оған әр ауданнан іріктелген 13 команда қатысты.
8-ші сынып оқушысы, «Жас сарбаз» клубының мүшесі Айғаным Есенғазықызы он жасынан әскери ойындарға қатысады. Автоматты бөлшектеп, жинауды жақсы меңгерген.
Айғаным Есенғазықызы, «Жас сарбаз» клубының мүшесі:
- Әскери қарулармен жақсы, ату жақсы. автоматты шашып, жинау барлығы күшті. Бірақ кейбір қиыншылықтар болады. Арасында саусақтың қысылып қалуы автоматтың кейбір бөлшектерінде. Сол жерлерде қиындықтар кетеді.
Жарыстың екінші күні жас сарбаздар әскери эстафета сайысында сынға түсті. Мылтықпен нысана көздеу, граната лақтыру, арқан үстімен жүріп өту бойынша шеберліктерін көрсетті.
Сапар Жауатов, Меңдіқара аудандық білім бөлімінің әдіскері:
- Биылдан бастап әскери-патриоттық бағытта облысымызда, республикамыздың көлемінде көптеген басымдылықтар беріліп жатыр. Көптеген сайыстар, көптеген семинарлар ұйымдастырылып жатыр. Және де осылардың барлығы жастарымыздың патриоттық сезімін арттыратын бағытта жемісін береді деген сенімдемін.
Гүлмира Исабаева, Дене шынықтыру және қосымша білім беру орталығының әдіскері:
- Облыста 70-тен астам әскери-патриоттық клубтар бар. Ал енді үйірмелерді қоса есептесек, олардың саны 256-ға жетеді. Әр мектепте үйірме, клубтар жұмыс істейді.
«Алау» әскери-спорттық ойындарының облыстық кезеңінде топ жарған команда маусым айында өтетін республикалық сайыста бақ сынайды.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг