Таразда даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы мұражайы ашылады

  • 253
  • 08.05.2025, 18:38

Онда батырдың жеке затынан бастап, құпия стратегиялық құжаттарына дейін қойылады. Музей 9 мамыр күні Жеңістің 80 жылдығы мен ғасыр адамының 115 жылдық мерейтойы қарсаңында есігін айқара ашады. 

Кеңес Одағының батырына арналған музей Даңқ залында орналаспақ. Онда Баукеңнің туған жерінен бастап, мектепте оқыған жылдары, Жуалы аудандық атқару комитеті мен прокуратурада жұмыс істеген жылдардағы жазбалары қамтылмақ. Соғыс жылдары мен одан кейінгі ғұмыры хронология бойынша суреттеледі. Батырдың әскери сейфі мен чемоданы, стратегиялық карталары да көпшілік назарына ұсынылмақ. 

Жансая Сембекова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы бөлімінің меңгерушісі:

-Ол кісінің қолжазбалары, хаттары, медальдары, сонымен қатар шығармашылығында өзі қолданған домбырасы. Шапаны өзі қолмен ою оятын болған, сол оюларын көрсетеміз. Сондай-ақ музейде өзінің жұмыс столы көрсетіледі.

Момышұлы дүниеге келген Жуалы ауданы бүгінде ел ішінде генералдар мекені деп аталып кеткен. Баукеңнен соң бұл ауданнан 12 генерал шықты. «Мұның бәрі еліктеуден, батыр әңгімелерін халықтың бала құлағына құйып өсіруінің нәтижесі», дейді немере інісі. 

Бекет Момынқұл, Б. Момышұлының немере інісі:

-Айналайын өлімнің алдында тұрсаң да, өтірік айтпа! деген үлкен өсиет айтқан ғой баласына. Ал енді Бауыржан атамыз осы әңгімені бізге де айтатын. «Жақсының жақсылығын айт, бірақ жағымпазданба. Жаманның жамандығын айт, бірақ жала жаппа» міне әңгіме қандай.

Тараздағы мемлекеттік университетте Бауыржантану орталығы жұмыс істейді. Мекеме қызметкерлері бүгінде әскери жазушының әлі де жарық көрмеген деректерін іздестіріп жатыр. «Мәселен, әскери қолбасшы 1963 жылы Кубаға Рауль Кастроның шақыртуымен сол елдің жаңа әскерін құруға көмек беруге және соғыс тактикасы мен стратегиясына баулуға барған еді. Ол туралы төл туындысында жазды. Бірақ онда айтылмаған дүниелер көп», дейді 12 жыл бойы батыр мұрасын зерттеп жүрген Әлімбай Найзабаев. 

Әлімбай Найзабаев, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері:

-Біздің жаңағы айта алмаған, жаза алмаған, сол жерде сөйлеген жазбаларын алғымыз келеді. Қазір одан бері 60 жыл уақыт өтті. Видео, аудиожазбалар бар. Біз осыларды алғымыз келеді. Содан кейін 5 кітап алып барған. Өзі жазған кітаптар. Сол кітаптарды испан тіліне аударамыз. 

Бауыржан Момышұлының әскери жазбалары әлі күнге Израиль, Куба елдерінде оқу құралы ретінде пайдаланады. Ал елімізде батырдың есімі мектеп, көше, елді мекендер мен оқу орындарына берілген. Айнымас мінезді Баукең әскери қызмет жолында темір тәртіптің тізгінін қолына берік ұс­тап, артында айрықша із қалдырды. Ұлтына ұран болған ер есімі мәңгілікке ел есінде сақталады.

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә