Алматыда АҚШ консулдығының мекемесі салынады

  • 66
  • 08.05.2025, 18:40

Құжатқа сәйкес америкалық тарапқа 70 мың 593 шаршы метр жер 49 жылға жалға беріледі. Бұл екі елдің байланысын арттыра түседі. Қазақстан да Американың Хюстон қаласында кезекті консулдығын ашады. Бұдан өзге Сенатта ел Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Хатшылығы, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісімінің хаттамасын ратификациялау мақұлданды. Араб Әмірліктерімен бірлесіп, жел электр стансасын салу жобасы да қаралды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

-Мақұлданған заңдар Қазақстанның басқа елдермен халықаралық ынтымақтастығын арттыруға бағытталып отыр. Жалпы бұл құжаттар шетелдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты арттырып, тиімді серіктестікті одан әрі дамытуға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз.

Сондай-ақ Сенаттағы брифинг кезінде Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин мәлімдеме жасады. Айтуынша, Үндістан мен Пәкістандағы Қазақстан азаматтарын елге қайтаруға әзірге негіз жоқ. Екі ел арасындағы қақтығысқа байланысты Қазақстаннан Үндістанға әуе рейстері тоқтады.

Ақан Рахметуллин, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:

-Әрине біздің елшіліктер Пәкістанда да, Индияда да, олар біздің азаматтармен тұрақты байланыста. Біз қазір қарап жатырмыз, зерттеп жатырмыз. Біздің елшіліктер Исламабадта да, Нью-Делиде де бәрі қарап жатыр. Бірақ қазір ешқандай біздің азаматтарды эвакуациялауға ешқандай себептер жоқ.