Алматының сегіз ауданында Жеңістің 80 жылдығына орай ардагерлер аллеясы ашылды. Онда майдангерлердің құрметіне атаулы ағаш көшеттері отырғызылды. Мереке қарсаңындағы эко-акция «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы мен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» жалпы қалалық науқан аясында ұйымдастырылды. Жасыл желек егуге ардагерлер мен олардың туған-туысы, қала жастары да қатысты.
Аллеяның бірі 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында ашылды. 101 жастағы ардагер Қамбар Сәрсен осы шараның құрметті қонағы. Ол 17 жасында майданға аттанып соғыстың ауыртпалығын әбден тартады. Барлаушы Беларусь, Латвия, Литва, Польша жеріндегі ұрыстарға қатысады. Жеңісті Германияда қарсы алады. Соғыстан кейін ұзақ жыл ішкі істер саласында еңбек етті. Ол аллеяның ашылуына арнайы келді. «Уақыт өтеді, ұрпақ ауысады. Ал осы егілген жасыл желек бізді еске салып тұрады»,- дейді ғасыр жасаған қарт жауынгер.
Қамбар Сәрсен, соғыс ардагері:
-Жеңістің 80 жылдығын қарсы алып отырмыз ғой. Жеңістің 85 жылдығына дейін менің ойымша ардагерлерден ешкім қалмайды. Ағаш егіп жатқан келесі ұрпақтар еске алу үшін істеліп жатыр.
Әмина Анафияеваның әкесі де соғыс ардагері. Айтуынша, Көлбай ақсақал биыл 99-ға келді. «Өзі 9 баланың кенжесімін»,- дейді. Бүгін арнайы Қырғызстаннан келіпті. Өзге балалары мен немерелері де жиналды. Жеңіс күні Көлбай қарт мерекелік шараға қатысады. Одан кейін осында әкеліп, өзіне арнап егілген ағашты көрсетеді.
Әмина Анафияева, соғыс ардагері, Көлбай Анафияевтың қызы :
-Әкемнің ұрпақтары балалары, немерелері, шөберелері 26 немересі бар, 44 шөбересі бар. Соларды алып келіп көрсеткенде әбден мақтанамыз. Мақтанышта боламыз. Жылда келіп тұрамыз, құдай бұйырса.
Аллеяларға жөке ағашының көшеттері егілді. Жөке 300-400 жылға дейін жайқалып тұрады. Жапырағы мол болғандықтан, ауадағы шаңды жақсы тазартады. Сондықтан көбіне саябақтарға отырғызылады. Бауыржан Жаубасов, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
-Жылда осы паркте өтетін мерекелік шаралар бар және де осы біздің ардагерлерге тағзым көрсететін орын болып саналады. Сондықтан осы паркте аллея құрылып отыр. Бүгінгі таңда осы паркте 21 қазіргі тұрып жатқан біздің ардагерлерімізге арналған ағаш бар. Жыл басынан осы және 2024 жылы қайтыс болған 8 ардагерлеріміз бар. Сол кісілердің аттарына да арнайы ағаш отырғыздық.
Мереке алдында қалада «Таза Қазақстан» және «Алматы –біздің ортақ үйіміз» экологиялық акциясы аясында сенбілік жарияланды. Оған 50 мыңға жуық адам қатысып, тазалық жұмыстарына атсалысты. Шаһарда бұл күні 600-ден астам жөке, емен, алма, қайың, шырша егілді.
Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов