Жеңіске 80 жыл: Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейде көрме ашылды

  • 55
  • 08.05.2025, 19:03

Экспозиция музейдегі қор материалдарынан жасалған. Онда тек соғысқа қатысқан жауынгерлер туралы мәлімет қана емес, тыл жұмыскерлері де қамтылған. Сонымен қатар соғыс жылдары оккупацияланған аймақтарды – Беларусь, Украина, Ресейдегі Псков және Ленинград облыстарын азат етуге белсенді қатысқан барлаушылар туралы мағлұмат бар. Көрмедегі материалдар өте құнды. Мәселен, майдан даласында түсірілген фотоқұжаттардың түпнұсқасы, ардагерлер кейінірек музейге сыйлаған заттар, тылдағы еңбеккерлер қолданған ауыл шаруашылық құралдары бар. Көпшілік назарына 8-ші атқыштар дивизиясының мергені Төлеуғали Әбдібековтің мылтығы да қойылды.

Гүлсара Жапақова, ҚР Орталық мемлекеттік музейінің аға ғылыми қызметкері:

- Бізде экспозицияда тұрған өте жақсы фотоальбом бар, ол жақында ғана музейімізге сыйға тартылды. Осы фотоальбомның арқасында Даңқ орденінің толық иегерлері 113 емес, 139 адам екені анықталды. Олардың 135-інің фотосуреттері мен шағын деректері табылды. Алайда өкінішке қарай 4 адамның фотосуретін табу мүмкін болмады.

Жұмағали Пәрімбекұлы, соғыс ардагері Пәрімбек Махановтың ұлы:

-Соғыс туралы әкем көп айтқысы келмейтін. Себебі сұрапыл соғысты есіне алғысы келмейтін. Бұл соғыс деген ол сендер кинодан көргендей емес, соғыс деген ол қан ғой дейтін. Біз өлген жоқпыз, өлгеннен басқасын бәрін көрдік деп айтатын. Ағаларыма айтып жатқан кезде мен төсектің астында тығылып жатып тыңдайтынмын.