Павлодарлық коллекционер көне заттарына арнап көрме ұйымдастырмақшы

  • 28
  • 08.05.2025, 18:43

Көне арба, аспалы шам, қол диірмен және иінағаш. Өткеннен сыр шертетін бұл жәдігерлерді Павлодар қаласының тұрғыны Александр Монастырскийдің ауласынан көруге болады. Коллекционердің отыз жыл бойы жинаған көне заттары тарихи-өлкетану музейіндегі жәдігерлерден кем түспейді.  

Павлодар тұрғыны түрлі тарихи кезеңдерге сәйкес келетін бірегей заттардың топтамасын жинақтаған. Көне жәдігерлердің арасында кітаптар, ойыншықтар,ыдыс-аяқ және алғашқы тұрмыстық техникалар бар. Ол ескі радиоқабылдағыштар, алғашқы теледидарлар, тоңызытқыштар және басқа заттар. Бір сөзбен айтсақ кезінде екінің бірі қол жеткізе алмаған құнды дүниелер сақталған.
 
Аулаға кіре берісте үлкен арба тұр. Өткен ғасырдың орта тұсында Баянауыл ауданының тұрғындарына қызмет еткен ат арба қазір бірегей жәдігерге айналған. Александрдың көне заттарға қызығушылығы осы арбаның дөңгелектерінен басталған.   

Александр Монастырский, қала тұрғыны:

-Байқасаңыз, менің ауламды айнала дөңгелектер ілінген. Олардың шығу тарихы отызыншы жылдардан басталады. Одан кейін 1904 жылы жасалған соқаны таптым. 

 Ал салмағы 125 келі болатын шойыннан құйылған  құмыра кезінде қаланың көрікті жерлерінде тұрған екен. Су тасуға арналған иінағаштың зауытта жасалғанын таңданыспен жеткізді. Қол диірмен, саба, жез самаурын, тігін машиналары, қабырға сағаттары мен радиоқабылдағыштардың да түр-түрі бар. 

Александр Монастырский, қала тұрғыны:

-Мен көп дүниелерді гараж, жертөлелерден табамын. Олардың көбі көгеріп, тат басып кетеді. Қайтадан қалпына келтіруге тырысамын.

Бұл жай ғана ескі заттардың жиынтығы емес. Әр жәдігерде өткен дәуірдің атмосферасы, рухы мен естеліктерін еске салатын жылылық жатыр. Алексей кең ауқымды көрме ұйымдастырып, жиған-терген заттарын көпшілік назарына ұсынуды жоспарлап жүргенін айтады.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков