Іле Алатауында Сиверс алмасы гүлдеді

  • 32
  • 08.05.2025, 18:55

Іле Алатауында қазіргі алма сұрыптарының арғы-тегі саналатын Сиверс алмасы гүлдеді. Жабайы алманың әсем гүлі көз қуантып, хош иісі адам жанын рахатқа бөлейді. Енді осы бір әдемі көріністі туристер де тамашалай алады. Келесі жылы Іле Алатауы ұлттық саябағында бірегей эндемик Сиверс жабайы алма бағына апаратын жаңа туристік бағыт ашылады. Алматыдан 80 шақырым жердегі Іле Алатауының Тау-Түрген шатқалында заманауи визит-орталық пен ғылыми база салынады.  

Азияның жабайы алмасы биологиялық түр ретінде алғаш рет 18-ғасырдың соңында зерттелген. Бұл ғылыми еңбектің авторы – неміс текті ресейлік ғалым Иоганн Сиверс. 1793 жылы Орталық Азияға экспедиция кезінде ол Үржар өзенінің аңғарында жабайы алма орманын кездестірген. Сиверстің сипаттауы бойынша бұл ағаш әртүрлі табиғи жағдайларға бейім. Мәселен, қатты қыс, құрғақшылық, құнарсыз топыраққа да төзімді. Кейін Сиверс жабайы алмасын қазақстандық биолог, академик Аймақ Жанғалиев терең зерттеген. Ол бұл өсімдіктің қазіргі алма сұрыптарының арғы тегі болуы мүмкін деген тұжырым ұсынды. Кейін бұл тұжырым гендік талдаулар арқылы дәлелденді.

Салтанат Өсербаева, Іле Алатауы ұлттық паркінің ғылыми-зерттеу бөлімінің жетекшіс і:

-Бұл сұрып несімен құнды? Бұл өте төзімді жеміс ағаш түрі. Аязға, түрлі ауруларға, зиянкестерге қарсы тұра алады. Қазіргі таңда бұл тек Қазақстан емес, бүкіл әлем бағбандары үшін өзекті мәселе. Сондықтан бұл резерватты сақтау мен бұл өсімдікті танымал ету ғылым үшін өте маңызды.

2010 жылы Іле Алатауының Тау-Түрген шатқалында Сиверс алмасы резерваты ашылған. Оның аумағы 31 гектар. Бұл жерде осы биологиялық түрдің ең таза тұқымы сақталған. Алты жыл бұрын ғалымдардың күшімен ғылыми зерттеу үшін қолданылатын жабайы алманың қоры жасалды. Бұл көлемі бір гектарға жетпейтін шағын бақ. Мұнда Ботаника және фитоинтродукция ғылыми-зерттеу институты мен жеміс-көкөніс шаруашылығы мамандары жұмыс істейді. Шетелдік ғалымдар да келіп тұрады. Енді Тау-Түргенде инвесторлардың қаражатына заманауи ғылыми және туристік орталық салынады. 

Елнұр Ахметов, Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің бас директоры:

-Қазіргі уақытта осы Сиверс алмасын, жұмыстарын көруге өсуін баптауын және гүлдеген уақыттарын көру үшін арнайы көру алаңдары және де туристер келуіне арнайы қолайлы жағдайлар жасау жұмыстарымен қатар, алғашқы Сиверс алмасын зерттеген академик Аймақ Жанғалиұлы Жанғалиевке арналған кішігірім музей орталығын қоюға жұмыс жасап жатырмыз. 

Сонымен қатар мұнда бақылау алаңы мен серуен жолдары жасалады. Туристер үшін кәдесый дүкендері де ұйымдастырылады. Ең бастысы – гүлдеп тұрған алма ағаштарын тамашалау. Бір айта кетерлігі, бұл тамаша көрініс қысқа уақытқа созылады. Тек сәуір айының соңында және мамырдың басында ғана көруге мүмкіндік бар.

Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко, Сержан Жұмабаев