Шығысқазақстандық бағбан жерасты жылыжай шаруашылығын дамытқысы келеді

  • 33
  • 08.05.2025, 19:02

Шығысқазақстандық Людмила Земляная елде жерасты жылыжай шаруашылығын дамыту керегін айтады. 70 жастағы бағбан жыл бойы өңін бермейтін раушан гүлін, әйгілі Киев лимоны мен «Шыңғысхан» ағашын өсіріп отыр. Ол 17 жылдан бері жасыл желекті күтіп-баптаумен айналысып келеді.  

Бұл жерді тек жылыжай деп атауға келмес. Қарапайым қазтамақ гүлінен бастап, экзотикалық ағаштың түр-түрі өсіп тұр. Мұнда салмағы 1,5 келіге дейін жететін Киев лимоны мен банан да бар. Қысы-жазы реңін бермейтін раушан гүлдері тіпті ерекше. Бұл жерасты кешені - зейнеткер Людмила Землянаяның отбасымен бірге жүзеге асырған ерекше жобасы. 17 жыл бойы күйеуімен осы бақты күтіп-баптап келген Людмила, ері өмірден өткелі бұл шаруаны өз қолына алған.

Людмила Земляная, жылыжай жетекшісі:

-Мәселе кететін шығында немесе істейтін шаруада емес. Осындағы бүкіл өсімдік маған күш қуат береді, ал мен оларды күтіп өсіремін. Мінеки өзара сабақтастық, байланыс деген осы болуы керек. Бұлар менің балам сияқты. Үш уақыт суғарам, түбін қопсытам, қажет болса емдеймін.

Мұндағы флорист те, агроном да, дизайнер де зейнеткердің өзі. Экскурсияға келгендерге әр гүлді таныстырып, тарихын айтып береді. Балаларға сыйлық беруді де ұмытпайды.

«2 метр тереңдіктегі алқап қыста жылы, жазда салқын. Температураны жердің өзі реттейді»,-дейді маман. Сондықтан осындай жылыжай құрылымын ел бойынша дамытуға кеңес береді.

Людмила Земляная, жылыжай жетекшісі:

-Еліміздің өзге өңірлерінде де осындай жылыжайды көптеп салса деп армандаймын. Өйткені мұнда банан да, мандарин де, қарапайым қияр мен қызанақ та өсіруге болады. Қыр-сырын білгіміз келеді деген адамға үйретуге дайынмын.

 Муррая - осы жылыжайдағы ең танымал өсімдік. Негізінен жапонияда өсетін бұл ағашты «Шыңғысхан ағашы» деп те атайды екен. «Әйгілі қолбасшы жаугершілік заманда жорыққа шығар алдында өз жауынгерлерінің күш жігерін арттыру үшін осы ағаштың жемісін берген»,- деген аңыз бар. Өйткені бұл өнім адам ағзасына ерекше қуат береді.

Қазір бағбан туристерді қабылдауға дайындалып жатыр. Жыл басынан бері жерасты жылыжайын көруге 500-ге жуық адам келген. Жазда олардың қатары тіпті артады.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов