Елордада Жеңістің 80 жылдығына орай батырларға тағзым етілді

  • 90
  • 09.05.2025, 18:30

Астанада Жеңістің 80 жылдығына орай сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен батырлардың рухына тағзым етілді.

Премьер-министр Олжас Бектенов авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновтың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Елді жаудан қорғаған ерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Ал Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ардагерлер ұйымдарының өкілдері, әскери қызметшілер және депутаттармен бірге қазақтың қайсар қызы Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл қойды. Ұрпақтың бейбіт заманы үшін өмірін құрбан еткен Мәншүк Мәметова және барлық майдангердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын айтты. Сондай-ақ 17 жасында майданға аттанып, Минск пен Варшаваны азат етуге қатысқан соғыс ардагері Василий Сердюковты Жеңіс күнімен құттықтады.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоғын қойды. Іс-шараға Парламент фракциялары мен ардагерлер ұйымдарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Бауыржан Момышұлы – қазақтың көрнекті жазушысы, соғыс жылдарында полкке, дивизияға қолбасшылық етті. Мәскеу түбіндегі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін 1942 жылы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бұл награда оған қайтыс болғаннан кейін, 1990 жылы берілді.