Астанада Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік шара өтті

  • 48
  • 09.05.2025, 18:33

Бейбіт аспан астында. Елордамызда Жеңістің 80 жылдығына арналған халықтық мерекелік шара өтті. «Отан Ана» монументі мен оған іргелес жастар саябағының аумағында бірнеше іс-шараны қамтыған мерекелік бағдарлама Астана әкімдігінің ұйтқы болуымен жүзеге асты.

Ұйымдастырушылар соғыс жылдарының аутентикасын сақтай отырып, Жеңіс күні мерекесін заманауи танымдық форматта өткізуге күш салғандай көрінеді. Саябақ аумағындағы көріністер соны айғақтайды.

Ботагөз Талғатқызы, Астана қаласы Мәдениет басқармасының баспасөз хатшысы:

- Халықтың және қала қонақтарының қызығушылығын арттыру мақсатында, біздің батырлар жайлы толыққанды ақпарат білсін деген мақсатта әртүрлі тәсілмен ұсындық. Жас буын өкілдеріне аса назар аударылды. Ол кісілерге Қазақстан тарихы, батырларымыз жайлы түрлі дәрістер оқылуда. Креативті, интерактивті, әртүрлі жолдарды пайдаландық. Тіпті сурет салу шеберханаларымен кинотеатрды да ұсындық. 

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Жеңіс күні мерекесіне жаңаша леп. Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырушылар Ақмола өңірінен майданға аттанған Кеңес Одағы Батырларының бейнесіне жасанды интеллектінің көмегімен жан бітіруді жөн көріпті. Үлкендер үшін бұл естелік болса, жастар үшін тағылым. 

Ақмола өңірінен соғысқа қатысқан 45 азамат Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Олардың суреттері бейнеленген интерактивті тақтада, сондай-ақ мұрағаттан алынған мәліметтер, сарбаздардың майданнан жазған хаттарының көшірмелері ұсынылды. Ал соғыс жылдарындағы вагон кейпінде безендірілген сахнада концерттік бағдарлама ұсынылды. Еліміздің әншілері, музыкалық және би ұжымдары өнер көрсетіп, би қойылымдары мен балалар спектакльдері қойылды. Соғыс жылдарының әндері, романстар шырқалды.

Алма Сүлейменова, Астана қаласы Байқоңыр ауданының белсенді ардагерлер ұйымының мүшесі:

- Ардагерлеріміз жылдан жылға азайып жатыр. Енді сол кісілерді құрметтеп, жастарға кішкене болса да бір үлгі тәрбие ретінде өлең айтып, биімізді билеп, жақсы, қуанышты көңіл күйдеміз.

Нұрлан Қожашқызы, қала тұрғыны:

- Тарихымыз ұмытылмасын деп ата-бабаларымыздың рухына тағзым етіп келдік. Қантөгіспен 80 жыл бұрын жеңіске жетті. Соларды ешқашан ұмытпаймыз. Немерелерім көрсін деп осыларды ертіп келдім. Қаншама тарихи жәдігерлер, жақсы бағдарламалар болып жатыр. Қазақстан халқына рақмет. Осындай бейбітшілік заманда өмір сүріп жатқан тәуелсіздігімізге рақмет. Аспанымызды соғыстың бұлты шалмай, еліміз аман, бейбітшілік заман болсын. 

Бүгінгі шарадан масаттанудан гөрі мазмұнға мән берілетін тарихи тағлымдық сипатты байқадық. Ұйымдастырушылар атап өткендей, тарихи жадыны сақтау өз алдына, жастардың бойында туған ел батырларына деген мақтаныш сезімін ояту, бейбітшілік пен бірліктің бағасын еске салу маңызды міндет.

Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков