Атыраулықтар Мұса Баймұқановтың рухына тағзым етті

  • 32
  • 09.05.2025, 18:55

Атырау облысында Кеңес Одағының Батыры, майдангер Мұса Баймұқановтың рухына жерлестері тағзым етті. Іс-шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және батырдың туғанына 115 жыл толуына орайластырылған.

Мұса Баймұқанов 1915 жылы Мақат ауданына қарасты Сарыкөл ауылында дүниеге келген. Соғысқа дейін қалалық прокуратурада тергеуші болып жұмыс істеген. 1941 жылдың шілдесінде Отан қорғауға аттанып, 1945 жылдың наурызында Польша жерінде ерлікпен қаза тапқан.

Мұса Баймұқановтың есімі атыраулықтарға жақсы таныс. 35 жасында жат жерде ерлікпен жан қиған Батырдың атына облыста мектеп, көше аттары берілген. Бүгінгі іс-шара Баймұқанов атындағы орта мектепте ұйымдастырылды. Мұса Баймұқановты бұқараға танытуда жергілікті жазушы Айбосын Елеусінов көп еңбек сіңіріп кеткен. Жазушының соңғы жинағы мектеп мұражайына қойылды.

Роза Қарақызы, А. Елеусіновтің зайыбы:

- Мұса өзінің төл суреті, жерленген жері мен соғысқан орындары туралы жазбалар болса деп армандады. Ол республикалық архивтермен байланысып, көбінесе өзі барып аяқтап тұрды. Сол материалдарды тауып, жаңғыртып жинаған еді. Бірақ оларды шығара алмағанымен, сол материалдарды бір папкаға жинап кетті.

Кейін ол еңбек облыстық прокуратураның қолдауымен жаңа жинақ болып жарыққа шықты. Онда батырдың ерлік жолы толықтай қамтылған. Ержүрек командирдің 1945 жылдың наурызында Польша жерінде Одер өзенінен өтудегі жанқиярлық ақырғы ерлігі тың құжаттармен толықты.

Магилан Рахимов, Мақат ауданының прокуроры:

- Соғыс жылдарында прокурорлар арасында өзіміздің жерлесіміз, прокуратура органдарында қызмет атқарған КСРО Батыры Мұса Баймұқанов атамыз да бар. Мұса Баймұқанов атамыздың атына кеше 29 сәуірден бастап бірнеше спорттық-мәдени шаралар ұйымдастырылды. 

Сұрапыл соғысқа Атырау жерінен 43 мыңға жуық адам аттанған. Оның 13 мыңнан астамы майдан даласында көз жұмды.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин