Оның аясында оқушылар тарихи құнды жәдігерлерді жинап, музей қорын толықтыруға атсалысады. Осы бастама аясында 500-ден астам экспонат табылған. Оның жүзге жуығы соғыс жылдарынан сыр шертеді.
Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорына Екінші дүниежүзілік соғыстан сыр шертетін тың жәдігерлер тапсырылды. Мысалы, мына шабадан мен бәкіні соғыс ардагері Ықылас Өксікбаев Германиядан алып келген екен. Майдангердің ұрпағы отбасылық мұраны мұражайға өткізуді жөн көріпті.
Нұржамал Тұрсынбаева, Ақжар ауылының тұрғыны:
- Судың бетінде қалқып, бір шақырым жерден бізді тастады, - дейді. Өздерің біліңдер, әрі қарай жауап бермейміз, советтің жеріне келдіңдер деп. Сол кезде атам осы қос шабадан мені қос қолтығымнан алып шықты деп отыратын.
Ал Қызылорда қаласындағы №5 мектепте «Жауынгерлік даңқ» мұражайы ашылды. Аядай ғана бөлмеде 30-дан астам құнды жәдігер сақтаулы. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Вахит Валиевтің бастамасымен құрылған бұл бұрышта соғыс ардагерлерінен қалған естеліктер мен тұрмыстық заттар қойылған.
Вахит Валиев, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі:
- Біздің бұрышта соғыста туыстарынан қалған заттар бар. Олар осы мектепке естелік ретінде қалдырып кетеміз дейді. Бастауыш, орта буынға экскурсия өткіземіз. Сосын ардагерлерді шақырамыз. Олармен ерлік сабақтар, кездесу өткіземіз.
Еңлік Баймұрзаева, тарихи-өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі:
- Қазіргі таңда осы жобаның аясында 20 шақты хаттар келіп түсті. Жалпы осының нәтижесіменен музей қорына тоқсаннан астам майдан даласынан келген хаттар бар. Ақын, майдангер Әлімбай Әлиасқаровтың хаттары бар, өлең түрінде жазылған хаттары бар. Жас ұрпақ сол хаттарды келген қонақтар, қала тұрғындары балаларына, немерелеріне қызықтатып жатады.
«Жас өлкетанушы» жобасы аясында 500-ден астам жәдігер жиналған. Соның жүзге жуығы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан сыр шертеді.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев