Түркістан облысында батыр қыздарға арналған ескерткіш ашылды

  • 39
  • 09.05.2025, 18:40

Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына орай Түркістан облысы Қазығұрт ауданында Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Хиуаз Доспановаға арналған еңселі ескерткіш ашылды. Қайсар қыздардың тас мүсіні саябақтың қақ ортасында, күншығысқа көз тігіп тұр. 

Аты аңызға айналған қазақтың батыр қыздарына арналған еңселі ескерткіш Сарапхана ауылындағы тарихи-этнографиялық «Мәңгілік ел» саябағында бой көтерді. Композициялық монумент қоладан құйылған. Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы мен Шымкент қаласының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен аудандан тұрғындары қатысты.

Шалатай Мырзахметов, қоғам қайраткері:

- Бұрын біз екі қазақ қызының есімін асқақтатып, Әлия мен Мәншүк туралы айтатын болсақ, енді олардың қасына Хиуазды да қосып отырмыз. Хиуаздың аты шықпай қалған. Сол сияқты аты шықпаған қаншама арыстарымыз бар. Біз оның бәрін түгендеп, көрсетуіміз керек.

Саябақта орнатылған тас мүсінді тұғырымен бірге алғанда жалпы биіктігі 5,5 метр. Салмағы 2 тоннадан асады. Монументтің артында биіктігі 6 метрлік стелла орналасқан. Қазақтың үш батыр қызының ескерткіші саябақтың қақ ортасында, күншығысқа көз тігіп тұр. Шымкент - Ташкент халықаралық күрежолының бойында алыстан менмұндалайды. Ерлік пен өжеттіктің, нәзіктік пен намыстың символына айналған батыр қыздардың бейнесі «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қорының демеушілігімен еңсе тіктеді.

Бекет Тұрғараев, қоғам қайраткері:

- Мемлекетіміздің басшысы Атырауда өткен Құрылтайда айтты. Қазақтың алып осы үш қызының ескерткішін мәңгілік болсын деп бірнеше рет қайталады. Кеше Жеңістің шеруінде де осыған көңіл бөлді. Міне, осының барлығы – жастық жалынмен Отан үшін отқа түскен апаларымыздың ерлігі мен батылдығын дәріптеуді біз, ұрпақтары, мойнымызға алдық. Бүгін соны орындап тұрмыз.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Қазығұрт тауының етегінде орналасқан «Мәңгілік ел» саябағы осыдан 10 жыл бұрын ашылған, аумағы 10 гектар. Мұнда 5 мың түп ағаш егілген. Сондай-ақ парк аумағында қазақтың үш биінен бастап, Салқам Жәңгір, Алаш арыстары, Анаға тағзым, соғыс ардагерлеріне арналған 30-ға жуық еңселі ескерткіш бар. Сондықтан бұл жер бүгінде 110 мың халқы бар Қазығұрт ауданы тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш