Петропавлда әлеуметтік осал топтарға салынған үйдің сапасы сын көтермейді. Тұрғындардың айтуынша, жаңа қоныстың жертөлесі көктем сайын суға толып, іргетасы бүліне бастаған. Ол аздай, шатырдан су сорғалап, қабырғалар дымқыл тартып тұр.
Бұл 5 баланың анасы Тәттігүл Бимақанованың 5 жыл бойы кезекте тұрып алған пәтері. Бесінші қабатта тұратын әйелдің айтуынша, үйдің кем-кетігі өте көп.
Тәттігүл Бимақанова, қала тұрғыны:
- Төбелер түсті осылай. Ылғалдық, дымқыл болып жатыр. Жағымсыз иістер болады көктем болған сайын. «Унитаз» бәрі жарықтар болды. Жолдасым өзі ауыстырып, өзі істеп жатыр. Себебі көмек сұраймыз, біреуі де келмейді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Бұл үй 2023-ші жылдың желтоқсанында тапсырылған. «Мәселелер сол кезден басталды», - дейді тұрғындар. Ең алдымен, олар бір жарым айдай пәтер кілтін ала алмай жүрген. Ал қоныстойын тойлағаннан кейін басқа да былықтары шыққан.
Бұл Петропавлдағы әлеуметтік жағынан осал топтағы, яғни жетім өскен балалар, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлерге салынған үй. Олардың айтуынша, жаңа қоныста тұру мүмкін емес.
Раушан Малдыбаева, қала тұрғыны:
- Дәліздің ішінде су тұр. Жыл сайын. Міне, екінші жыл тұрып жатырмыз. Су толып тұр. Ешқайда кетпей жатыр. Бүкіл қабырға сынып жатыр. Есіктер жабылмайды дұрыс.
Жаңа үйдің шатыры да сын көтермейді. Жаңбыр жауса, төбеден су сорғалап, пәтер қабырғаларын дымқыл тартқан.
Данияр Жаманқұлов, қала тұрғыны:
- Қатты жаңбыр жауады, үшінші қабаттан су ағады. Мына жарықтардың барлығын қараңыздар, кешке таман біреуі жанса, біреуі жанбайды.
Бұл ауданда мұқтаж жандарға дәл осындай 6 бірдей жалдамалы үй салынды. Барлығы 600 пәтер. Олардың құрылысына бюджеттен 7 млрд теңге бөлінген. Тұрғындар шағымданғанымен, қалалық әкімдік қызметкерлері мердігер ұйымға ешқандай кінә артып отырған жоқ.
Әсем Айтолова, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:
- Соңғы бізде екі күнде Петропавл бойынша қатты мөлшерде жауын жауып жатыр. Екі есе айлық есеп, екі есе осы екі күннің ішінде жауды. Сол себепті жер сулары көтеріліп, олардың жертөлелерін су басқан. Қазіргі кезде жаңағы ТОО «Жилищная служба» ол жерде су соры жұмыстарын атқарып жатыр. Ауа райы дұрысталғаннан кейін жертөле мәселесін олар қайта қарап, жөндейтін болады.
Ал тұрғындардың алаңдайтындай жөні бар. Өйткені жаңа үйдің кепілдік мерзімі биыл аяқталады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков