Ана мен бала өлімі жыл сайын 10-12% төмендеп келеді

  • 57
  • 14.05.2025, 18:48

Елімізде ана мен бала өлімі жыл сайын 10-12 процентке төмендеп келеді. Бұл акушерлік және гинекология саласында инновациялық әдістерді енгізудің бір нәтижесі. Атап айтқанда, феталды хирургия, яғни жатырдағы ұрықты диагностикалау сәтті жүргізілуде. Жаңа әдістердің көбі туа бітті ауытқу мен өмірге қауіп төндіретін жағдайларды жүктілік кезінде түзетуге бағытталған.

Алматыдағы акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының 50 жылдығына арналған халықаралық конгресс өтті. Жетекші мамандар әйел денсаулығы, репродуктивті медицина және перинатология саласындағы жаңа жетістіктер мен өзекті мәселелерді талқылады.

Гүлфайруз Оразбаева, «Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы:

- Ағзаны сақтап қалатын операцияларды сәтті енгізіп жатырмыз. Бұрын босанғаннан кейінгі қан кетуді тоқтатудың жалғыз жолы жатырды алып тастау болса, бүгінде біз мұндай жағдайларда жатырды сақтап қалуға мүмкіндік беретін баллонды тампонада әдісін кеңінен қолданудамыз. Сонымен қатар жатырдың магистральды тамырларын байлау арқылы қан кетуді тежейміз.

Зәуреш Аманжолова, медицина ғылымдарының докторы, мемлекет және қоғам қайраткері:

- Егер бұрын «Совет» кезінде мың грамнан жоғары бала бала деп есептеліп, одан төмен баланы түсік деп есептейтін болса, ал біз сол 2008 жылдан бастап 500 грамдық баладан жоғары баланы тірі туылған бала деп есепке алғанбыз. Сондықтан әрине, ол көрсеткішті жақсарту оңай болған жоқ. Ол үшін жаңа технологиялар, жаңа білім жетістіктері қажет болды. Жаңа аппаратура керек болды.