Нысан бастан аяқ жаңартылады. Соңғы жылдары қалада көлік саны артты. Ал жүргізушілерді даярлайтын мектептердің материалдық-техникалық базасы кәсіби дағдыларды толық меңгеруге аздық етеді. Жол қателікті кешірмейтінін білесіздер. Тек соңғы 1,5 жылда көлік апатынан 102 адам көз жұмған.
Үш жүз алпыс мыңдай тұрғыны бар қалада көлік саны 200 мыңды еңсерген. Күрделі бұрылыстарда көліктер жиі соқтығысады. Мұның бәрі жүргізушілердің жол жүру ережесін жетік меңгермеуі салдарынан болатыны анық. Автомектеп басшылары мен қала халқының автодором керек деп мәселе көтергеніне де бірталай жыл болыпты.
Әнуарбек Аманов, қала әкімінің орынбасары:
-Бұл жерге көлік жүргізуді жаңадан үйреніп жүрген адамдар келіп жаттығады. Олар емтихан тапсырмас бұрын шеберліктерін шыңдайды. Қалада көлік көп. Лайықты автодромның жоқтығына халық көп шағымданатын. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Жаңа жобаны қолға алдық.
Жаңа автодром көлік қозғалысын реттейтін барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмек.
Ерсұлтан Мүбараков, мердігер ұйымның басшысы:
-Осы жерде көлік жүргізушілерге жаңа ғана үйреніп жатқан адамдарға жағдай жасалған. Кәдімгідей қаладағы көшелердің қиылыстары бар. Ол жерде бағдаршамдар орнатылған және де әртүрлі белгілер қойылған. Сосын осы жерде 160-тан астам жарық шам болады. Ол жаңағы қаланың ішіндегі түнде жүріп жүргізудің жағдайын жасап қойған.
Жоба құны 600 миллион теңге. 9,3 гектар жерді алып жатыр. «Биыл шілде айында қолданысқа берілетін жаңа автодром жол-көлік апатының алдын алуға сеп болады»,– дейді әкімдік өкілдері. Полиция департаменті мамандарының мәліметке сәйкес, 2025 жылдың төрт айында 317 жол апаты тіркелген. Жиырма бір адам көз жұмып, 437 жолаушы түрлі деңгейде жарақат алған.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков