Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. 7 тарау 28 баптан құралған құжат Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленді. Жоба аясында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда ЖИ технологияларын қолдану тәртібі белгіленіп, бұл бағыттағы мемлекеттің құзыреті, сондай-ақ жасанды интеллект жүйелерімен жұмыс істейтін субъектілердің құқықтары мен міндеттері нақтыланады. Жасанды интеллект өнімдерін әзірлеумен қолданудың бірыңғай инфрақұрылымы ұлттық жасанды интеллект платформасы аясында құрылады.
Бұдан бөлек, заңда қандай жағдайда жасанды интелектіні пайдалануға тыйым салынатын тұстар айқындалды. Оның барлығы азаматтардың жеке құқықтарымен байланысты екенін айта кеткен жөн. Ал адам құқықтарын қамтамасыз ету үшін заң жобасымен бірге әкімшілік кодекске де өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Авторлық құқықтың бұзылуына байланысты мәселелер, ЖИ-ге қойылған талаптарды бұзатын болса, ЖИ технологиясына қатысты заңнамада көрсетілген талаптарды бұзатын болса, оған әкімшілік жазалар қолданылатын болады. Алаяқтыққа байланысты және депутаттар да сұрақты көп қойды, бізде Еуропалық Кеңестің шеңберінде компьютерлік технологияның қатысуымен жасалған қылмыстарға қатысты конвенция жазылды. Сол конвенция бізде ратификациядан өткеннен кейін бұған қатысты мәселелер де ішіне кіретін болады.
Сондай-ақ Мәжілісте азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Төтенше жағдай, әсіресе су тасқыны, жер сілкінісі, өрт және кен орындарынғы апат кезінде жедел әрекет ету шаралары нақтыланды. Енді қауіпті өндірістік объектілерді, оның ішінде шахталарды, карьерлерді, қатты пайдалы қазбаларды өңдеу зауыттарын және басқаларды тексеру бұрын қолданыста болған шектеулерсіз жүргізілетін болады. Сондай-ақ қауіпті өндірістік нысандарды тексеруге қойылған шектеулер алынып тасталады.