Халықаралық музей күні қарсаңында «Бозоқ» археологиялық паркінде алғаш рет «Түнгі Бозоққа саяхат» атты фестиваль ұйымдастырылды. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы тарихи-мәдени мұраны XXI ғасыр талаптарына сай жаңғыртып, кешенді түрде дамыту қажеттігін айтқан. Осы орайда «Бозоқ» ұлттық паркін құру жобасы іске асырылып жатыр.
«Түнгі Бозоққа саяхат». Тылсым сырын ішіне бүккен қалашықтың тарихын зерделеуге ғалымдар мен дизайнерлер ғана емес, қала тұрғындары да қызығады. Келешекте мұнда келушілер қатары көбейері сөзсіз. Себебі ұлттық парк жобасы қолға алынды.
Диана Қадыр, тілші:
- Болашақта «Бозоқ» инновациялық жоба ретінде Астананың ғана емес, еліміздің туристік орталығы болады деп күтілуде. Ол үшін кешен аумағындағы су жолдары тазартылып, жағажайлар мен қонақүйлер салынады. Ал бұл кереметтің бәрін бірнеше жылдан кейін көруге болады.
Қажымұрат Төлеген, «Бозоқ» музей қорығының ғылыми қызметкері:
- Көріп отырған қамалдарыңыздың өзі екі жақтан салынған. Біріншісінің ұзындығы - 140 метр, екіншісінің ұзындығы - 100 метр. Қаланың арғы жағында бірнеше қала болады. Кезең-кезеңімен. Олардың біріншісі орта ғасырлық Алтын орда және Қазақ хандығы қалалары. Мемлекеттердің негізіндегі визит орталық, бұл қазақ жерінен табылған археологиялық қазба жұмыстары, Ұлы Жібек жолындағы Сауран, Сайран, Сарайшық солардың архитектуралық облик негізінде эскизі дайындалды.
Бозоқ қалашығын тауып, музейге айналдыру бастамасын көтерген академик Кемел Ақышев. Оның жетекшілігімен 1998 жылы экспедиция елорданың тарихи тамырын зерттеуге кіріседі. Қазба жұмыстары нәтижесінде бұл жерде Х–ХІІ ғасырларда гүлденген қала болғаны дәлелденді. Кейін оның тарихи атауы Бозоқ екені белгілі болды.
Айнагүл Ғаниева, тарих ғылымдарының кандидаты:
- Қазір сауда орталықтарына кіргенде, ыстық немесе суық жел ішке ұрып тұратыны сияқты, олар бұл жүйені XIII-XIV ғасырларда-ақ ойлап тапқан. Мәселен, 4 бөлмелі үйлердің кіре берісінде үлкен пеш тұрған. Ол сырттан келген суықты артқа итеріп, ішкі жылуды сақтауға көмектескен. Сонымен қатар қазба жұмыстары кезінде бір қабірден ортағасырлық тиын табылды. Ғалымдардың айтуынша, бұл тиынды бала тірі кезінде мойнына тағып жүрген, сол күйі жерленген. Жалпы табылған ерекше заттар саны көп.
Жобаның басты мақсаты – дала өркениетінің озық үлгілерін ашық аспан астындағы музей форматында ұсыну. Мұнда сарай кешендері, ғибадатханалар, тұрғын үйлер, қолөнершілер орталығы мен ортағасырлық базар сынды нысандар бой көтереді.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Шыны керек, әлемнің кез келген мемлекеттерін аралап жүрген кезде жоқтан бар жасап, өздеріне тарихты том-томдап жинап алған елдерді көресіз. Ал бізде барды ұқсата аламай жатқан тұстарымыз өте көп. Сондықтан елордамыздың жанында әдемі кешеннің пайда болуы тарихи, этно кешеннің болуы – заман талабы. Бізге аса қажет. Сондықтан барлығымыз жан-жақтан қолдауымыз қажет деп ойлаймын.
Тарихи-мәдени музей қорығы 412 гектар аумақта құрайды. Жоба аясында 30-ға жуық нысан салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңіне 6,5 млрд теңге бөлініп, оны 2027 жылы аяқтау көзделіп отыр. Жалпы жоба 2029 жылы толық аяқталады.
Диана Қадыр, Әлібек Алиев