«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді». Батыс Қазақстан облысында ауыр жүк көліктеріне тиісті қадағалау болмағандықтан, былтыр салынған жолдар биыл жарамсыз боп жатыр. Көлік инспекцияның небәрі екі жылжымалы бақылау бекеті аймақтағы барлық жолды қадағалауға қауқарсыз.
Біз тұрған Казталов-Қошанкөл-Қараоба жолына осыдан бірнеше жыл бұрын асфальт төселген еді. Алайда тұрғындардың қуанышы ұзаққа бармады. Көріп тұрғандарыңыздай, жолдың жай-күйі мынадай. Сапасыз салынған асфальт бордай үгіліп жатыр.
Казталов-Жәнібек жолынан Қараоба ауылына дейінгі аралық 64 шақырым. Осы жолдың алғашқы 15 шақырымы 2023 жылдың күзінде тапсырылды. Екі жыл өткен жоқ, жол жарамсыз.
Мұрат Ахетов, Қошанкөл ауылының тұрғыны:
-Жалпы енді дұрыс салмаған сияқты, менің ойымша, бетонның қалыңдығын көріп тұрсыздар ғой. Стандартқа сай салмаған сияқты.
Казталов ауданының басшылығы мердігер компанияға жол жамылғысын қалпына келтіруге бір ай мерзім беріпті. Жалпы жолдың бұл бөлігіне кезінде орташа жөндеу жасалған. Яғни 6 сантиметрлік бір қабат асфальт төселген. Дәурен Әміров, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК БҚОФ бөлім басшысы:
- Жәнібек-Таловка тас жолының құрылысы жүруде. Соған құрылыс материалдары сол жолмен жақын болғандықтан, сол жолмен тасылып жатыр. Ол ақаулықтар мердігердің кесірінен немесе технологияның сақталмауынан пайда болған жоқ. Ол манағы үлкен жүк көліктері кесірінен бұзылып жатыр.
Ауыр жүк көліктерінің кесірінен жолдардың жарамсыз болуы өңірде жиілеп барады. Мәселен, Талдыапан ауылына жол салған ауыр техникалар екі жыл бұрын Чапаев-Казталов жолының 90 шақырымын ойқы-шойқы қылыпты.
Қадер Нұрғалиев, Казталов ауылының тұрғыны:
- Көлік инспекциясына күш түсу керек. Солар бақылау жасамаса, бізде қазір үлкен машиналар «Шахман» жүкті көбірек тиеп алып жолымызды бүлдіреді. Қаншама жылдан жасалып жатқан, күткен халықтың жолы, млрдтап ақша саламыз, сосын екі-үш жылда бүлдіріп жатырмыз.
Бүгінде өңірдегі жергілікті маңыздағы жолдардың 56% асфальт төселген. Үш жыл бұрын бұл көрсеткіш 28% аспайтын еді. Биыл да облыстық және аудандық жолдардың құрылысына 44 миллиард теңге бөлініпті.
Рақымберді Ашкеев, облыстық көліктік бақылау инспекциясының басшысы:
-Бөкей Ордасы аудандарына, Жәнібек аудандарына жаңадан жол салынып жатқан, анда-санда барып, рейд жасап тұрамыз. Біреуін ұстап алып, әкімшілік хаттама толтырғанда қалғандары тоқтай қалады. Біздің де осы жерді басқарып отырғаннан кейін жүрегім ауырады жолдың бұзылып жатқанына.
«Ауыр жүк көліктерін үнемі тексеріп, автоматтандырылған өлшеу стансаларын орнату керек»,– дейді мамандар. Келешекте Орал қаласында 7, өңір жолдарына 8 қондырғы қою көзделген. Алайда ол жұмыстардың қашан жүзеге асатынын көліктік бақылау инспекциясы да, облыстық автомобиль жолдары басқармасы да нақты айта алмай отыр.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов