«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына өтінімдер қабылдау басталды

  • 223
  • 15.05.2025, 18:35

Қазақстанда 6 миллион 200 мыңнан астам отбасы бар. Олардың арасында еңбек пен тәрбиені ту етіп ұстанған, жарасымды тірлігімен көпке үлгі болып жүргендері жетерлік. 

Мержан Серікұлы – өз өмірін әскери салаға арнаған жандардың бірі. Алматыдағы құрлық әскерлері институтын тәмамдаған соң, елдің оңтүстік және орталық өңірлеріндегі бөлімшелерде қызмет етті. 14 жыл ішінде саланың қыр-сырын меңгеріп, мол тәжірибе жинаған білікті маман бүгінде қарулы күштер қатарына қосылған жас сарбаздарды Отан қорғау ісіне тәрбиелеп жүр.
 
Жақында Жеңістің 80 жылдығына орай елордада өткен әскери шеруге қатысып, өз тобын алаңға бастап шықты. Қызметі жоғары жауапкершілікті талап етеді. Әйтсе де ол отбасының құндылығын бәрінен жоғары қояды.

Мержан Серікұлы, «Қалқан» арнайы мақсаттағы шабуылдау батальонының командирі: 

-Әскери салада жұбайымның да көмегі бар. Әр горнизонды аралап, қиыншылықтың бәрін көріп, ата-анамның да арқасы, көмегі бар. Қолдаулары бөлек. Отан деген – отбасы. Отбасын қалай әлпештеп, қалай қолдап. Әскери салада болғаннан кейін біраз жерге көмегі тиеді. Ұқыпшылыққа, мұқияттылыққа көмектеседі.

Білікті әскери қызметшінің зайыбы да осы салада еңбек етеді. Қызметі штаб жұмысымен тығыз байланысты. Дегенмен ол отбасы шаруасына үлгеруге тырысатынын айтады. Шаңырақта екі бала өсіп келеді. Олардың бойында мейірім, адалдық, қамқорлық секілді ізгі қасиеттердің барлығы отбасында қалыптасатынын жақсы біледі. Сондықтан да жанұя тәрбиесіне басымдық беріледі.

Сыйлық Тыныштықова, 68665 әскери бөлімінің аға маманы:

-Басында әрине қиын болды. Оңай емес, балабақшасына апарасың, мектебіне апарасың. Одан кейін қайтадан алып келуің керек. Олардың тамағын беру керек. Ар жағында жолдасыңды күтуің керек. Барынша қолымнан келгенше тырысып жатырмын деп ойлаймын. Әскери форманы киіп жүру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Абырой деп ойлаймын. 

Халықаралық отбасы күні 30 жылдан астам уақыт бұрын бекітілген. Бұл дүниеге келіп, тәлім-тәрбие, адамгершілікті қалыптастырған жанұя құндылығын ұлықтауға арналған. Бүгінде елімізде 6 миллионнан астам отбасы бар. Оның 611 537-сі-көпбалалы жанұя. Ал бауырына бала басқан кей шаңырақтарда 10-нан 55 балаға дейін тәрбиеленіп жатыр. Елімізде балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері биыл жыл басынан бері 6,5%-ға артқан. Айта кетейік, елімізде жыл сайын өнегелі отбасыларды таңдап, көпке үлгі етуді көздейтін дәстүрлі байқау жалғасын тапты. Бүгін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына өтінімдер қабылдау басталды. Өтініштер өңірлік комиссияларда қабылданады.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Ербол Меңдіғалиев