Қарин Ясауи мұрасын зерттеуге арналған симпозиумның ашылуына қатысты

  • 54
  • 15.05.2025, 18:56

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Түркістанда өтіп жатқан «Заман мен мәдениет диалогындағы Ясауи мұрасы: гуманистік бағыт-бағдар мен заманауи сын-қатерлер» атты халықаралық симпозиумның ашылуына қатысты. Бұл симпозиумды өткізу туралы бастаманы Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында айтқан еді: «Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет»,- деген болатын. Ерлан Қарин жиын барысында Мемлекет басшысының симпозиумға қатысушыларға арналған құттықтау хатын оқып берді. Мемлекеттік кеңесші бұл симпозиум Ясауидің гуманистік идеяларын жүйелі зерттеуге және рухани-зияткерлік мұрасын ілгерілетуге зор үлес қосатынын атап өтті. 

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

-Қожа Ахмет Ясауи ұлт руханиятында айрықша орны бар тарихи тұлға. Адамзат өркениетінің алтын қорына баға жетпес қазына болып қосылған «Диуани хикмет» шығармасындағы бабамыздың өсиеттері мен гуманистік идеялары әрдайым өзекті. Оның мол мұрасын жан-жақты дәріптеу отандық және халықаралық ғылыми қауымдастықтың алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда өтіп жатқан бүгінгі алқалы жиын Ясауи еңбектерін зерттеуге, жалпы мәдени байланыстарымызды нығайта түсуге тың серпін береді деп сенемін. 

Алқалы жиынға еліміздің және Әзербайжан, Германия, Үндістан, Иран, Италия, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан мен Жапония елдерінен келген жүзге жуық белгілі ғалымдар қатысып жатыр. Симпозиумдағы үш тақырыптық секция аясында Ясауи мұрасының түрлі қырларын қамтитын ғылыми баяндамалар жасалып, пікірталастар болады, сондай-ақ ғалымдар тәжірибе алмасады.