Алматы облысы Боралдай кентіне қарасты «Водник» ықшамауданының тұрғындары Алматыға жету үшін күн сайын бірнеше шақырымдық кептелісте тұруға мәжбүр. Бұл тар көше ықшамауданды негізгі жолмен байланыстырады. «Уақытының көп бөлігін кептелісте өткізетін тұрғындар жолды жөндеп, кеңейту қажет»,– деп есептейді. Мәселені жергілікті билік қалай шешпек?
Алматыға апаратын негізгі жолға барып қосылатын мына тар көшемен күн сайын мыңдаған автокөлік, оның ішінде автобустар мен жүк көліктері де жүреді. Себебі бұдан басқа жол жоқ. Кептелістен тек жүргізушілер ғана емес, жаяу адамдар да зардап шегуде. Көлік тығынынан автобустар кешігіп келеді. Тротуар болмаған соң, тұрғындар жол бөлігімен жүруге мәжбүр. Әсіресе, үлкен кісілер мен балаларға ауыр аялдамаға, мектепке жету қиын.
Зульфия Аминова, Боралдай кентінің тұрғыны:
-Қазір түсіп, әрең келе жатырмын. Мен 9-да шықтым. Жаяу барамын, өзімнің жаяу барғаным жақсы одан да. Тез барамын.
Ауыл әкімінің айтуынша, Алматы облысынан мегаполиске апаратын негізгі транзиттік көлік ағыны Боралдайдан өтеді. «Кептелістің көптігі де содан»,– дейді. «Тар жол қазіргі көлік нөпіріне сай емес, ал балама бағыттар мүлдем жоқ. Сондықтан кептелістің болуы заңдылық»,– дейді кент әкімі.
Данияр Қоңырбаев, Боралдай кентінің әкімі:
-Ешқандай да жаңағы кеңейту жолдарды жасалмайды. Біздің жоспарымыз бойынша өздеріңіз білсеңіздер, аталған көше Алматы қаласының Сайын көшесіне дейін барады. Сол Сайын көшесінің қиылысында БАКАД-қа дейін жол салынып жатыр. Біздің есебіміз бойынша мына транзиттік автокөлік жаңағы көшемен кірмей тура БАКАД-қа дейін толық болмаса да, біраз бөлігі сол БАКАД-қа тура өтетін болады. Сол кезде мен ойлаймын кептеліс мәселесі біраз шешіледі. Толық болмаса да 50% азаяды деген ойымыз бар.
Боралдайда шамамен 60 мың адам тұрады — бұл облыстағы ең ірі елді мекендердің бірі. Алматыға жақын орналасқандықтан мұнда миграция қарқыны жоғары, халық саны ай сайын артып келеді. Бұл жағдай да кептеліс мәселесін одан сайын ушықтырып отыр.
Гүлжан Көленқызы, Ғафу Уәли, Абен Нарымбаев