Маңғыстаудағы Сайын Шапағатов ауылында тұратын ерлі-зайыптылар, өңір жұртшылығына «Жұлдызды жұп» ретінде танымал. Хадис Жалжан мен Маржан Қаражанованың дуэті аудандық, облыстық байқауларда жеңімпаз атанған. Бес ұлдан тоғыз немере сүйіп отырған әулеттің отағасы, мектепте музыка пәнінен сабақ береді. Жұбайы да мұғалім.
Оқушылар кезекті сайысқа дайындалып жатыр. Олар облыстық байқауда «Хор ұжымы» және «Жеке ән салу» аталымы бойынша бақ сынайды. Ұлағатты ұстаз Хадис Жалжанның шәкірттері республикалық, халықаралық байқауларда жүлде алған. Қызмет өтілі 43 жылдан асқан мұғалім шәкірттеріне халық әндерін шебер орындаудың қыр-сырын үйретіп, терең мағынасын түсіндіреді.
Хадис Жалжан, музыка пәнінің мұғалімі:
- Маңғыстауда өздеріңіз білесіздер, «Жеті қайқы» дейді, «Жеті бұлбұл» деген бар. Сонымен бірге «Бес жүйрік» дейді маңғыстаудың ақындарын. Соларды оқу бағдарламасында болмаса да қосымша дәріптейміз. Жалпы біздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге байланысты соларды кеңінен насихаттаймыз.
Маржан Қаражанованың бастауыш сыныптарға сабақ бергеніне 36 жылдан асқан. Ауыл мұғалімі бала жасынан өнерге жақын болғанын айтады. Тұрмысқа шыққан соң отағасымен бірге мәдени-бұқаралық іс-шараларға белсене атсалысады. Өнегелі отбасы өңірлік «Жұлдызды жанұялық жұп» сайысына қатысып, жеңімпаз атанған. Биыл олар «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңіне қатысуға ниетті.
Маржан Қаражанова, бастауыш сынып мұғалімі:
- Жас мұғалім кезімде де сол қоғамдық өмірден еш алыстамай, ән айтып жүрдік. Ауылдағы клубта барлық мерекелерге біздерді ән айтуға шақыратын. Бұл енді біздің әуесқойлығымыз. Кәсіби әншіміз деп айта алмаймыз. Бірақ енді халықтың ықылысы, ағайын-туманың бізді қолдауы жақсы деп ойлаймын.
Өнегелі әрі өнерлі әулетте 5 ұл өсіп-өнген. Бала-келіндері де ана-анасының жолын қуып, ұстаздық етеді. Хадис Жалжан перзенттерін жастайынан еңбекке баулыған. Немере тәрбиесіне де ерекше көңіл бөледі. Үй ауласына еккен жеміс ағаштарын баларымен бірге күтіп баптайды.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев