Қабыловтар әулеті Отанға адал қызмет етіп келеді

  • 47
  • 16.05.2025, 18:47

Шымкент қаласында тұратын Қабыловтар әулетінің қорғаныс саласындағы еңбек өтілі ғасырға жуықтаған. Әке жолын қуған ұл өз ұрпағының да отанға қызмет еткенін қалайды. 

Айбек Қабылов қорғаныс саласында 20 жылдан бері еңбек етеді. Алғашында барлаушылар тобының командирі болып, кейін Қорғаныс министрлігіне қарасты бірнеше бөлімді басқарды. Талапшыл азамат подполковник шеніне дейін көтерілген. 

Айбек Қабылов, қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының бірінші орынбасары :

- Ұжымда сыйлы болу үшін әрдайым әділ шешім қабылдау керек. Нақты қысқа тапсырма беру керек. Жеке құрамды бір деңгейде ұстау керек. 24/7 байланыста боламыз. Кез келген уақытта қызметтеміз. Ер-азамат барлығына үлгеру керек. 

Подполковник Қабылов өзіне жүктелген жауапкершілікті жақсы түсінеді. Ол жеке құрамның дайындығын жетілдіруге, резервтегі әскери міндеттілердің шеберлігін шыңдауға ерекше көңіл бөледі. 38 жастағы Айбек Қабыловтың жұбайы да ішкі істер саласында еңбек етеді. Түсіністік пен сыйластықты ту еткен отбасы 5 бала тәрбиелеп отыр.

Мөлдір Сүлешева, А. Қабыловтың жұбайы:

- Жолдасымның әрбір жетістігіне қуанып, бағалап, қолпаштап отырамын. Барынша бос уақытымыз бола қалса, ұл-қыздарымызға көңіл бөлуге тырысамыз. Балаларын көргеннен кейін көңіл күйі көтеріліп, мейірімі төгіліп, жақсы жағына ашыла бастайды. 

Әлимардан Жұмабек, А. Қабыловтың ұлы:

- Жұмыста көп болады. Бірақ бізді өте қатты жақсы көреді. Білмей қалған нәрселеріме әке-шешем көмектеседі. Өзімнің достарыма айтамын. Мен де әке-шешем сияқты үлгілі адам болғым келеді.

Айбек Қабыловтың әкесі де Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері. Әке жолын қуған ұл қызметтік міндетін мінсіз атқаруды борышым деп санайды. Әскерге шақырылған жастарды Отаннын сүйюге үндейді. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы