Жұмысшы мамандықтардың беделін арттырып, жастардың шеберлік дағдыларын дамытуға бағытталған дәстүрлі жоба оныншы мәрте ұйымдастырылған. Додаға 300-ден астам колледж студенті қатысып жатыр. 46 мамандық бойынша іріктелген жеңімпаздар республикалық біріншілікке жолдама алады. Веб-дизайн, электржөндеу, аспаздық ісі, шаштараз, дәнекерлеу технологиясы мен құрылыс саласының бірнеше бағыты қамтылған. Байқауға 21-ге толмаған колледж студенттері мен кәсіпорындардың жас мамандары қатыса алады.
Алмас Дарбаев, колледж студенті:
-Менің мысалы, қазір оқып жатқан мамандығым юрист. Бірақ сырт жақтан жасаған жұмыстар арқылы былай тәжірибе бар десем де болады. Бірінші грунтовка жағып түзеп аламын шегелердің орнын және де басқа келіспей қалған жерлерді. Содан соң обой жабыстыруға өтемін. Қарсыластарым осал емес. Оны да байқап тұрмын. Бұл жарысқа бірінші рет қатысып тұрмын.
Қарағандыда «Жұмысшы кәсіптер жылы: шеберлікке бастар жол» атты форум өтті. 300-ге жуық жас өңірдің алдыңғы қатарлы компания өкілдері мен Қытайдан келген мамандардың шеберлік сабағына қатысты. Дәріс барысында цифрлық замандағы білім беру бағдарламасын еңбек нарығымен сәйкестендіру мәселесі талқыланды. Сондай-ақ жастар WorldSkills Karaganda байқауында бақ сынайды. Қарағанды облысы - ірі индустриялды аймақ. Өңірдегі кәсіпорындарға техникалық және кәсіптік білім колледждері маман дайындайды. Бүгінде облыстағы 52 колледжде 32 мыңнан астам студент 126 мамандық бойынша білім алады.
Диас Ынтықпай, колледж студенті:
-Менікі жеңіл көліктерге қызмет көрсету, соларды жөндеп, ақауларын тексеріп шығару. Бүгінгі жарысқа үлкен дайындықпен келдік. Осы жарыстан жүлделі бірінші орынды алып, республикалық кезеңге өтуге талпынамыз.