ҰҚШҰ отырысында есірткімен күрес және интернет алаяқтық мәселесі талқыланды

  • 25
  • 19.05.2025, 18:34

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өтіп жатқан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысына Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған қазақстандық делегация қатысты. Біздің депутаттар Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдерде есірткінің, әсіресе оның синтетикалық түрінің заңсыз айналымы мен интернет алаяқтықтың белең алуына назар аударып, заңнамалық тосқауыл қою үшін күш біріктіруге шақырды. Ерлан Қошанов әріптестеріне синтетикалық есірткі айналымы мен киберқылмысқа қарсы Қазақстан тәжірибесін ортаға салды. Сондай-ақ Тәжік-Ауған шекарасын күшейтуге қатысты ресми Астананың ұстанымын жеткізді. Мәжіліс төрағасы дәл осы мақсатта Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі Өңірлік орталығы құрылғанын еске салды. Іс-шара аясында Парламент делегацияларының басшылары Бішкектегі Жеңіс монументіндегі Мәңгілік алауға гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

-Парламенттік Ассамблеясы синтетикалық есірткі мен киберқылмысқа қарсы іс-әрекет саласында ортақ құқықтық кеңістік құруға ықпал ете алады. Қазақстан депутаттары осы жұмысқа белсене атсалысуға дайын. Бұл мәселелерде бізде бұрыннан қалыптасқан құқықтық тәжірибе бар. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша есірткі қылмыстарына қатысты жауапкершілік заңнамалық тұрғыда едәуір күшейтілді. Биылғы Парламенттік сессияның соңына дейін интернет алаяқтық үшін де жауапкершілікті заң жүзінде қатаңдатуды жоспарлап отырмыз.