Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Қожағапановқа қатысты үкім шықты. Ол «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген күдікпен былтыр ұсталған болатын. Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оны кінәлі деп тауып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ II дәрежелі «Айбын» ордені мен «Кеден қызметінің полковнигі» атағынан айырылып, мемлекеттік қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Тергеу материалына сәкес Қожағапанов 2018 жылы Петропавлдағы «Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық әріптестігі форумын» өткізу құнын екі есе қымбат көрсеткен. Мемлекетке келтірілген зиян 1 млрд теңге. Алматы облысындағы Іле ауданы білім бөлімінің басшысы штатта жоқ жалған қызметкерлер үшін 686 млн теңге жалақы аударып, қалтаға басқан. Мәселен, өзінің жүргізушісін мектепке тек «қағаз жүзінде» жұмысқа орналастырып, 5 млн теңгеге жуық заңсыз табыс тапқан. Оның осыған ұқсас қылмысты жасауына қарамағындағы 7 бухгалтердің де қатысы бар екені белгілі болды. Қылмысы әшкереленген шенеунік 8 жылға сотталды. Есепшілерге 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ олардың мемлекеттік қызметте 10 жыл жұмыс істеуіне тыйым салынды.
Элиталық коттедж, 6 қымбат көлік. Шымкенттегі университетте ақша жымқырудың жүйелі әрекеті әшкереленді. Күдіктілер қатарында ректордың міндетін атқарушы, қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары, сондай-ақ серіктес ұйымдардың басшылары бар. Олар 256 миллион теңгеге жалған келісімшарттар жасады деп айыпталды. Күдіктілер құрылыс-монтаж жұмыстары мен тауар жеткізу үшін деп аударылған ақшаны байланысы бар компаниялар арқылы өздері иемденген. Кейін заңсыз табыстарына 6 қымбат көлік пен Шымкенттің орталығынан құны 254 миллион теңге болатын элиталық коттедж сатып алыпты. Барлық мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды. Ал 4 күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.
Сауд Арабиясында халықаралық іздеуде болған Қазақстан азаматы ұсталды. Тергеу материалдарына сәйкес, ол Алматы қаласында бірнеше азаматты алдап, олардың 19 миллион теңгеге жуық ақшалай қаражаты мен жеке мүлкін заңсыз иемденген. Сонымен қатар жергілікті компанияны тақырға отырғызып кеткен. Атап айтсақ, тауар жеткізу үшін алдын ала 82 млн теңге алып, міндеттемелерін орындаудан жалтарған. Қазір тергеу жалғасып жатыр. Құзырлы органдар оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.
Ердәулет Ыбырайұлы