14 жастағы атыраулық спортшының дауысы елді тәнті етті

  • 39
  • 19.05.2025, 19:00

14 жастағы атыраулық спортшы жаттығу залында Ақан Серінің «Балқадиша» әнін шырқап, танымал болды. Бәстен жеңіліп, қатарластарының қолқалауымен әуелете ән айтқан Иса Бекболаттың бейнежазбасы бір күннің ішінде миллион қаралым жинаған. Әсем даусымен әлеуметтік желі қолданушыларын тәнті еткен өнерпазбен әріптесіміз Асланбек Шығыр кездесіп қайтты.

Бұл Исаның әлеуметтік желіде көпті сүйсіндірген бейнежазбасы. Бапкері осы тамаша сәтті таспалап, желіге жүктеген. Осылайша бір күннің ішінде танымал боп шыға келді. Иса Бекболат - үйінің ортаншысы. Көпбалалы отбасында дүниеге келген талантты бала өнерге кішкентайынан бейім. Бос уақытында үйінде әкесімен қосылып ән шырқайды.  

Ілияс Бекболатұлы, Исаның әкесі:

-Жақсы жаңалықты айтқанда, басында қуануға шыны керек, ата-ана ретінде мен қорықтым. Тіл-көз деген бар ғой. Сол жағынан қатты алаңдадым. Содан соң жәймендеп сабама келдім. Қуаныштымын. Бұйырса, спорт жағына ма, әлде өнер жағынан кете ме, өз таңдауы болады 

Талантты жас түрлі өнер додасында топ жарып жүр. Қазақтың дәстүрлі әндерін шырқағанды ұнатады. Музыка пәнінің мұғалімі Эльмира Қайрошева Исаның бойындағы өнерін бірден байқаған.

Эльмира Қайрошева, музыка пәнінің мұғалімі:

-Бос уақытында маған үйіме келіп тұрады. Апай бөлек жұмыстан тыс уақытта, кешкілікте ән айтқым келіп бара жатыр дейді. Бірге ән шырқаймыз. 

Иса өнермен қатар, спортты да жанына серік еткен бала. Жас таланттың жаттығу залында шырқаған әні көпті сүйсіндірді.

Дархан Кенжетаев, Исаның досы:

-Иса жаттығудан кейін бізге ән айтып береді. Ән айтқанын ағайымыз желіге салып жіберіпті. Осындай досымның барына мақтанамын. 

Иса Бекболат, жас өнерпаз:

-Күресті де, өнерді де бірге алып жүргім келеді. Алдағы уақытта мамандығым басқа болса да, екеуін де бірге алып жүргім келеді. Тастағым келмейді. Сабақ үлгерімім де жақсы, барлығына үлгеріп жатырмын. Әкем жан-жақты бол, сонда жарып шығасың дейді. 

Талантты жасқа бапкері домбыра сыйға тартып, сәттілік тіледі. Енді Иса Бекболат әлеуметтік желі арқылы замандастарына қазақтың төл өнерін дәріптеуді жоспарлап отыр.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жанжос Рахметуллин