«Шымқала» тарихи мәдени кешені тозып тұр

  • 44
  • 19.05.2025, 18:38

Төрт жыл бұрын 2 миллиард 700 миллион теңгеге тұрғызылған «Шымқала» тарихи мәдени кешені тозып барады. Цитадельді күтіп ұстауға қазынадан қаржы бөлу мүмкін болмай тұр. Тарихи нысанның техникалық төлқұжаты жоқ. Мәселе қашан, қалай шешіледі? 

Қаланың биік нүктесінде орналасқан тарихи-мәдени кешен тозып барады. Қасбеті бүлініп, қабырғаларын сыз тартқан. Бірегей нысанды қайта қалпына келтіруге қазынадан қаражат бөлінбейтін болды. Себебі техникалық төлқұжаты мен қабылау АКТ-сі жасалмаған. 

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:

-Қазір құжаттарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жерге мемлекеттік АКТ алынды. Енді цитадельдегі ғимараттың өзіне техникалық АКТ немесе төлқұжат жасалады.

Тарихи-мәдени кешеннің аумағында этноауыл бар. 2 гектар учаскенің мемлекеттік АКТ-сі алынғанымен, бар мүлкі басқа орталықтың теңгерімінде. Ал бұйымдарды түгендеп, оны күтіп ұстау мәселесі шешілмеген.

Ұлт мәдениетін насихаттауға арналған этноауылдың базары тарқағанына 1 жылдан асты. Теңгерімге алу ісі созбалаңға салынғандықтан, концерт алаңы мен шеберханалар, алтыбақан мен киіз үйлер тозып барады. Сондықтан  бұл аймаққа саяхаттаушыларды кіргізуге тыйым салынған.

Шымкенттегі мұражайлардың шаруашылығын бір жүйелеге келтіру үшін ортақ бірлестік құрылды. Енді сала мамандары бес бірдей мекеменің құжаттарына жауапты болмақ. 

Мәрия Асқарова, «Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК директорының орынбасары:

- Мекемені жаба салу оңай тірлік, ал жаңадан мекемені құрып, оның құжаттарын рәсімдеу деген ол біраз уақыт алады. Техникалық төлқұжат, топосъемка, сосын топосъемканы сопровождать ететін тағы документі бар. Тиісті құжаттардың бәрі дайындалып жасалып жатыр. 

Тарихи-мәдени кешенді жөндеуден өткізу мәселесін тұрғындар мен туроператорлар талай көтерген. Себебі аймақтың этнотуризмі саяхаттаушылардың негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан жергілікті билік өкілдері биыл «Шымқала» кешенінің құжаттарын заңдастырып, этноауылды жаңғыртуды қолға алмақ. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы