Заңсыз қаруды өткізгендерге 393 мың теңгеге дейін төленеді

  • 37
  • 19.05.2025, 18:45

Заңсыз сақталған қару, оқ-дәрі мен жарылғыш затты өз еркімен тапсырғандарға сыйақы беріліп жатыр. Акция басталғалы 568 азамат полицияға жүгінген. Олар сомасы 76 млн теңге болатын 700 қару, 5 мыңнан аса патрон тапсырған. Бұл науқанның мақсаты не, қашанға дейін жалғасады? 

Бұл акция қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және атыс қаруын қолдана отырып жасалатын қылмыстардың алдын алуға бағытталған. Қаруды ерікті түрде тапсырғаны үшін төлем сомасы оның техникалық жай-күйіне байланысты. Әр бірлігі үшін 39 мың теңгеден 393 мың теңгеге дейінгі соманы құрайды. Мысалы, азамат өз еркімен тапсырылған автоматты ойық ұңғылы қарудың әр бірлігі үшін 100 айлық есептік көрсеткішке дейін немесе 393 мың теңге ала алады.

Асылбек Ыдырысов, ҚР ІІМ Қару айналымын бақылау және табиғатты қорғау полициясы басқармасының бастығы: 

-Оның жартысы ойық ұңғылы мылтықтар мен карабиндерге төленеді. Тапаншалар мен револьверлер үшін 157 мың теңгеге дейін төленетін болады. Әрбір тегіс ұңғылы қару шамамен 117 мың теңге төленеді. Сыйақы мөлшерін және қарудың техникалық жай-күйін облыстардың, қалалар мен аудандардың әрбір полиция органында құрылған комиссиялар айқындайды.  

Атыс қаруы, оқ-дәрілер немесе жарылғыш заттар болып табылмаған бұйымдар мен мен заттарға, полицияда «Тіркелген қару» немесе «Криминалдық қару» есебінде тұрғандарға сыйақы төленбейді. Айта кетейік, заңсыз сақталған қару, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өз еркімен тапсыратын адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

Асылбек Ыдырысов, ҚР ІІМ Қару айналымын бақылау және табиғатты қорғау полициясы басқармасының бастығы: 

- Азаматтарға айтатынымыз, түсіністік танытып, белсенді азаматтық ұстанымдары үшін алғыс білдіреміз. Барлық тексеру іс-шараларынан кейін қаруларды комиссиялық түрде жою процесін бейнежазбаға жазып, олар балқыту пештеріне жолданатын болады.  

Қолға алынған осындай шаралардан соң атыс қаруын қолдана отырып жасалатын қылмыс жыл сайын азайып келе жатқанын байқауға болады. Мәселен, соңғы 5 жылда мұндай қылмыстардың саны екі есеге қысқарған. Сондай-ақ азаматтар өз еркімен тапсыратын қару саны да жыл сайын азаюда. Қауіпсіз өмір әр азаматтың борышы. 

Құралай Жұмахан, Самат Оспанов