Ұлытау облысында әлі күнге дейін автодром жоқ. Жүргізуші куәлігін алу үшін тұрғындар Қарағанды, Қызылорда немесе Астанаға сабылып жүр. Былтыр өңірде автоцон құрылысы басталған еді. Бірақ оның қашан пайдалануға берілері белгісіз. Бір жыл ішінде жұмыстың небәрі 10-ақ пайызы аяқталған.
Курсант Талғат Серікбай бірер күнде автомектепті тәмамдайды. Емтиханды қайда тапсыратыны әзірге белгісіз. Ең жақын автодром Қызылорда қаласында. Оның өзі 450 шақырым қашықтықта орналасқан.
Талғат Серікбай, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Ұлытау облысында теориялық экзамен тапсырамыз, ал практика бізге өте қиын. Алдында брондау онлайн болатын. Оны да алып тастады. Қазір брондау үшін өзіміз барамыз. Қарағанды ма, Астана ма, Қызылорда ма. Ол қаражат жағынан қиындау боп тұр. Брондаймыз да, тапсыратын күні қайта барамыз. Бір емес, екі рет барып тұрмыз біз.
Жезқазғандағы автодром талапқа сай келмейді. Қазір курсанттар практикалық сабақты осында оқып жүр. Жүргізушілерді дайындайтын мектептің мамандары жаңа автодром сұрағанымызға 6 жылдан асты, - дейді.
Антон Венц, автомектеп директоры:
- Емтиханды бірден сәтті тапсыру екінің біріне бұйырмайды. Курсанттардың шағымы орынды. 600 шақырымға бірнеше мәрте қатынау оңай емес.
Жергілікті билік өкілдері мәселе таяуда толық шешімін табады деп отыр. Жезқазғанда 1,5 млрд теңгеге заманауи автодром салынып жатыр.
Әли Бекенов, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы:
- Құрылыс былтыр басталған. Электр энергиясы мен инженерлік желілер толығымен тартылды. Қазір автодромның аумағын белгілеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар ол жерден автоцон да салынады.
Құрылыс басына біз де бардық. Әзірге жұмыстың небары 10 пайызы аяқталған. Дегенмен жауапты мамандар тамыз айында нысанды тапсырамыз деп сендірді.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Нұрдәулет Аманкешов