Еліміздің шығысындағы Шемонаиха қаласында газбен жабдықтау қызметі тоқтады. Осылайша мыңнан астам абонент көгілдір отын желісінен ажыратылды. Мамандардың айтуынша, газ тарату желісі әбден тозып кеткен. Демек оны әрі қарай пайдалану аса қауіпті. Енді тұтунышулар не істемек?
Шемонаихада 1040 үйге сұйтылған газ құбыры тартылған. Орталықтандырылған көгілдір отын тек тұрмыстық мақсатта, ас үйде ғана қолданылды.
Юрий Иванов, Шемонаиха қаласының тұрғыны:
- Әрине ас үйде газбен тамақ істеген тиімдірек. Оның үстіне бұл қызметтің ақысы да арзан. Бір текше метрі - 800 теңге. Енді плита маған жарамайды. Бір қақпағы ғана электр желісімен жұмыс істеуге жарамды, сондықтан басқа құрылғы алу керек.
«Бұдан басқа амал да жоқ»,- дейді сала өкілдері. Өйткені осыдан 50 жыл бұрын тартылған жүйенің кетеуі кеткен. Бұған соңғы сараптама нәтижесі дәлел. Мәселен газ сақтайтын резервуардан бастап, оны тарату қондырғыларына дейін әбден тозып, металл құрылғылары шіри бастаған. Бүкіл жүйе технологиялық талаптарға қайшы. Жазда газ қысымы тіпті жоғарлайды. Сондықтан мамандар көгілдір отынмен қамту жүйесінің қызметін тоқтату туралы шешім шығарды.
Жомарт Жанпейісов, Газбен жабдықтау компаниясының директоры:
- Уақыты келді, «сосудтардың» уақыты 30 жыл екен. Сол қағаз бойынша біз газды тоқтаттық. Басқа тұрғындарға қауіп төнбес үшін газдың бәрін жаптық. Енді басқа сараптама жасалып жатса, әлі де газ тасымалдауға дайынбыз.
Бастапқыда алаңдаушылық танытқанымен қауіп-қатердің жоғары екенін естіген жұрт жаппай газ құбырын жапқызған. Енді электр қуатын тұтынушылар саны күр артады деген сөз.
Мұрат Желдібаев, Шемонаиха қаласының әкімі:
- Халық қорқынышты электр кабельдерінің жағдайынан электр пештеріне ауысып жатыр. Бірақ оны бақылауда ұстап отырмыз, егер бірдеңе шықса уақытында ауыстыруға болады. Трансформаторлық подстанциясының салмағы 60-70 пайызға жетеді.
«Көгілдір отырмен қамту жүйесін тұтастай жаңарту ұзақ уақыт пен қыруар қаржыны талап етеді»,-дейді мамандар. Мың абонент үшін бұндай қадамға бару экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сондықтан алдағы жылдары Шемониахаидағы көпқабатты үйлердің қайтадан орталықтандырылған газға қосылуы екіталай.
Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов