Биыл Павлодарда 1200 оқушы «Жайлы мектепке» барады

  • 24
  • 22.05.2025, 19:00

Павлодар қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген алғашқы білім ошағының құрылысы аяқталды. Ғимарат 1 200 оқушыға шақталған. Жоба құны 6,5 млрд теңге. Жаңа мектеп заман талабына сай ма?

Жаңа мектептердің бірі «Достық» шағын ауданынан бой көтерді. 1200 орындық білім ошағы биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Самал Айтқазина, облыстық Білім беру басқармасының басшысы:

-  Достық - жаңа ықшам аудан. Сондықтан онда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде оқып жатқан 500-ге жуық ондағы оқушылар басқа қаланың мектептеріне тасымалдаумен және қоғамдық көлікпен жетіп жатқан жайы бар. Сондықтан осы ықшам аудандағы балалар биыл «Жайлы мектепке» барады деп жоспарлап отырмыз.

Жоба құны 6,5 млрд теңге. Оның 1 млрд-ф материалдық техникалық базасын жабдықтауға жұмсалған. Алынған бұйымдардың 80 пайызы отандық өнім.

Валерий Левченко, құрылыс компаниясының өкілі:

- Құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталды. Кабинеттерді қажетті құралдармен жабдықтап жатырмыз. Оқушылар үшін барлық жағдай жасалған – киім шешетін орын, оқулықтар, тіпті шаңғы мен конькиге дейін алынған. Әрине, бұл пилоттық жоба, қиындықтар да болды.

Мектепте екі спорт залы, акт залы, хореография бөлмесі, шеберхана, 352 орындық асхана, 45 санитарлық торап және 70 оқу сыныбы қарастырылған. Ауласында хоккей корты, футбол, волейбол және баскетбол алаңдары бар.

Александр Кулибакин, жоба жетекшісі:

- Мектептің спорттық инфрақұрылымы қазіргі заман талабына толық сәйкес келеді. Мұнда түрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге болады.

Жаңа мектептің тағы бір ерекшелігі – бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек есіктен кіріп-шығады. Ғимарат ішінде 152 бейнекамера орнатылған. Павлодарда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орындық тағы бір білім ошағының құрылысы жүріп жатыр.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев