Балаларды қорғау күніне арналған онкүндік басталды

  • 20
  • 22.05.2025, 19:11

22 мамырдан бастап Балаларды қорғау күніне арналған онкүндік басталды. Елімізде 1-маусымға дейін осы тақырыпқа арналған түрлі іс-шара ұйымдастырылады. Әке – балалар үшін тұғырлы тұлға болса, ана – шаңырақтың ұйытқысы. Әр баланың азамат болып қалыптасып, дамылсыз дамуы жолында ата-ананың орны айрықша. Ал ата мен әже беретін тәрбиенің маңызы тіпті бөлек. Шаңырағында ұлттық дәстүрді дәріптеп, құндылықтарды құрметтейтін атыраулық Өмірбаевтар әулеті көпке үлгі. 

Жастайынан айтыста топ жарып, талантымен танылған белгілі айтыскер ақын Нұржан Өмірбай бүгінде жары Арай екеуі 5 бала тәрбиелеп отыр. Өзі де көпбалалы отбасында дүниеге келген азамат перзенттерінің бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруді жөн санайды. «Әке – отбасын асыраушы ғана емес, бойында мейірім мен қаталдығы қатар жүретін құрметті тұлға»,- дейді ақын.

Нұржан Өмірбай, қала тұрғыны:

- Басты міндетім – балаларымды қорғау. Қорғаныш қызметі. Ананың басты міндеті – мейірім-махаббатпен өсіру, балаларды қатыгез қылмай, олардың жылы құшағы, ыстық алақаны қашанда жанында екенін сездіру. Сондай-ақ аяулы әжелері. Әже – үлкен мектеп, үлкен институт.

Нұржанның тұңғышы биыл бастауыш мектепті үздік аяқтады. Әжесінің нақылын, әкесінің ақылын, анасының мейірімін бойына жиып өскен Хақназардың жеткен жетістігі де мол. Әкесімен бірге мәдени іс-шараларға да қатысады.

Хақназар Төленді, Н.Өмірбайдың ұлы:

- Мен сабақтан бос уақытымда спортпен және домбырамен айналысамын. Менің ойымша, әр қазақ домбыраны шерте білуі керек.

Нұржанның ұл-қыздары шетінен өнерлі. Еркеназ күміскөмей әнші. Зере - суретші. Ал Ділдә есімді қызы әуелетіп ән айтып қана қоймай, мың бұралып билейді. Кенжесі Қасым – үйдің еркесі. «Олардың осылай өнерге жақын болуы – әжесінің өнегесі»,- дейді Нұржан.

Майра Өмірбаева, қала тұрғыны:

- Отбасында әженің балаларға көрсетер тәрбиесі өте көп. Өзім  немерелерімді қазақтың салт-дәстүріне, ұлттық тағамдарына баулимын. Қазақтың ұлттық мерекелерінің бәрінде немерелерімді қасыма алып, мерекелердің  тәрбиелік мәнін ашып айтуға атсалысамын.

Нұржан мен Арай перзенттерінің мектептегі, балабақшадағы іс-шараларынан да қалыс қалған емес. Әр баланың дамуына ерекше көңіл бөледі.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин