Биыл 13 мың шақырым жол жөнделеді

  • 31
  • 23.05.2025, 18:40

Биыл республика бойынша 13 мың шақырым автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жыл соңына дейін оның 9 мың шақырымы аяқталуы тиіс. Бұл туралы бүгін Сенатта өткен Үкімет сағатында айтылды. Депутаттар сан қуамыз деп сапаны төмендетіп алмау керегін ескертті. Олай дейтін жөні де бар. Бізде құрылыс барысын қадағалаушы мамандар тапшы. Бір инспектор елдің әр өңіріндегі 5 жобаны бақылауға тартылған жағдайлар анықталыпты. Тұрғындар тарапынан да шағым көп. 

Жайлы жол тек қатынауды жеңілдету құралы ғана емес тұтас елдің дамуына әсер ететін маңызға ие нысан. Сондықтан да оның жай-күйі, жаңа жобалар Парламент деңгейінде қаралып тұрады. Бүгін сондай кезекті жиын өтті. Қазір еліміз бойынша республикалық маңызға ие 25 мың шақырым автомобиль жолы бар. 70 мың шақырым облыстық деңгейдегі жол, тағы 73 мың шақырым - елді мекендер ішіндегі көшелер. Олардың бүгінгі күйі, ал жаңадан салынған учаскелердің сапасы қандай?

Әлібек Нәутиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Көлік министрлігінің мәліметінше, жергілікті жолдардың 89%-ы нормативтік деңгейге сай. Дегенмен бұл көрсеткіш, халықтың шағымдарын ескере отырып, белгілі бір күмән тудырады. Жолдарды жөндеуге барлық өңір үшін бірыңғай тәсілдердің қолданатынына қарамастан, облыстар бөлінісінде жолдардың жай-күйінде айтарлықтай алшақтық байқалады. Асфальт бетон зауыттарына инспекция жүргізген жол сапасы орталығының ақпараты бойынша тексерілген 211 зауыттың тек 82 сапалы өнім шығаруға дайын болып отыр.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- 20 мыңға жуық шағым. Ең көп шағымдар жергілікті жолдар бойынша болды. Бұрын біздің сапа орталығы жергілікті атқарушы  жолдарды қамтымайтын еді. Тек қана республикалық жолдар. Қазір жөндеу жүргізіліп жатқан 4200 шақырым жол болса, соның 99 пайызында сапа орталықты қамтып отыр. Осының нәтижесінде жалпы жолдың сапасына көбірек көңіл бөлініп отыр.

Жол салу кезінде кездесетін басты кедергі - битум тапшылығы. Біздегі зауыттардың өндіріс қуаты сұраныстың шамамен 70 пайызын ғана жаба алады. Қалғанын сырттан аламыз. Министр мәселені шешудің тағы бір балама тәсілі ретінде бетонды жабынды қолданылатынын айтты. Жиында жекелеген жолдар мәселесі де көтерілді. Соның бірі Қарағанды –Жезқазған бағыты.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- 572 шақырым жолды айқындадық. Ол жақта қазір конкурс рәсімі өткізіліп жатыр. Қыркүйек айына қарай мердігер компания айқындалады. Сол компания жолды реконструкция жұмысымен айналысатын болады. Биыл 1,2 млрд-қа жолда жөндеу өткіземіз.

29 жол учаскесіне ақылы жүйе енгізіледі

Жалпы республика бойынша биыл 13 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Оның 9 мың шақырымы жыл соңына дейін толық пайдалануға берілуі тиіс. Міне, сол жұмыстар аяқталған соң 29 учаскеде ақылы жүйе енгізу көзделуде. Министр мұндай қадам жолдарды нормативке сай күтіп ұстау үшін қажет деп түсіндірді. Айта кетейік, бүгінде ел аумағындағы 3,2 мың шақырым болатын 17 жол учаскесінде көлік қозғалысы ақылы.

Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков