1 маусымда Президенттік жастар кадрлық резервіне үздік 50 маманды іріктеп алу басталады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай хабарлады. Ол іріктеудің талаптарын түсіндіру мақсатында мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың жас мамандарымен кездесті. Сонымен қатар, орталық мемлекеттік органдар мен түрлі компаниялардың қызметкерлері, сондай-ақ Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері, жалпы саны 250-ге жуық маман қатысты. Биылғы жылдың басты талаптары қандай?
Әділ Құсманов - Президенттік жастар кадрлық резервіне 2 жыл бұрын құжат тапсырып, бағын сынаған. Додадан оза шауып, таңдаулылар қатырына іліккен. Айтуынша, 6 ай бұрын экономикалық зерттеу институтынан Халықаралық бағдарламалар орталығының басқарма төрағасы қызметіне ауысқанын айтады.
Әділ Құсманов, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі:
- 6 кезеңнен өттік. Бірінші кезеңде сандық вербалдық қабілет тексерілді. Өте жақсы кезең. Осы резерв маған үлкен әлеуметтік лифт болды. «Болашақ» бағдарламасына мені резерв арқылы шақырды. Маған берілген үлкен бір мүмкіндік ретінде санаймын. Мемлекеттік басқару саласына, қоғам дамуына, экономика дамуына өз үлесімді қосуға дайынмын.
Ал басты талаптары: үміткер Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Жасы 35-тен аспауы қажет. Сонымен қатар жоғары білімі мен кемінде 5 жылдық кәсіби жұмыс тәжірибесі болуы шарт. Мемлекеттік тілді жетік білу де міндетті талаптардың бірі.
Нұрсұлтан Бекінов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент директоры:
- Бұл іріктеуге жалпы Қазақстанның кез келген жерінен жастар қатыса алады. Тіпті шетелде жүрген жастарымыз да қатыса алады. Іріктеудің бастапқы кезеңдері онлайн түрде өтеді. Осы іріктеудің ерекшелігі 6 негізгі сала бойынша іріктеледі.
Айта кетейік, күні бүгінге дейін елде 60 мыңнан астам жас өтініш берсе, соның 400-і резервке қабылданыпты. Оның 80 пайызы әртүрлі салада лауазымды қызметтерге тағайындалып, белсенді еңбек етіп жүр.
Диана Қадыр, Самат Сүлейманов