Алматы тау кластерін дамыту үшін кешенді жоспар әзірленді. Оның аясында Түргеннен Қаскелеңге дейінгі келешегі зор үш басым аймақ айқындалып отыр. Онда әлемдік деңгейдегі инфрақұрылым және халыққа қолжетімді 300-ден 700 шақырымға дейінгі тау шаңғысы жолы салынбақ. Бұл туралы бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов оңтүстік астанаға жұмыс сапары барысында айтты. Үкімет басшысы мұнда тау кластерін дамыту тәсілдерімен танысты.
Премьер-министр Алматы тау кластері аумағын тікұшақпен аралап көрді. Кейін жауапты орган басшылары және отандық, халықаралық сарапшылар қоғамдастығы өкілдерімен саланы одан әрі дамыту жөнінде кеңес өткізді. Мұнда атқарылатын нақты жұмыстар, жоспарлар айтылды. Алматы тау кластері 2029 жылға қарай Орталық Азиядағы жыл бойы қызмет ететін ең ірі туристік жобаға айналады деп көзделуде.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
- Алматы тау кластерінің орталық аумағындағы үш бірдей аймақты іске асыру – негізгі туристік орындарды біріктіретін тұрақты тау шаңғысы инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жоба аумақты өркендетуге, жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашады. Жаңа жұмыс орындары пайда болады. Қызмет көрсету сапасы артады.
Бұл өте ауқымды жоба. Оны іске асыруға шетелдіктер де үлес қоспақ. Әр компания, ұйым өздерінің қолға алатын істерін баяндады. Әрқайсысының жоспарлары бар.
Синиша Топалович, Нorwath htl компаниясының серіктесі:
- Жоспарды жүзеге асыру Алматыны жыл бойына жұмыс істейтін, әлемдегі жетекші курорттармен салыстыруға болатын тау туризмі бағытына айналдыруға мүмкіндік береді. Стратегиялық мақсат – табиғат, бос уақыт, спорт пен мәдениетті біріктіретін бірегей туристік брендін қалыптастыру. Басым бағыттардың бірі – көрнекті туристік объектілер құру, аспалы жолдар жүйесін, қонақ үй және спорт инфрақұрылымын дамыту.
Алматы тау кластерінің дамуы бойынша түрлі пікірлер айтылды. Жиынды қорытындылай келе, Премьер-министр саланы өркендету жөнінде ұсынылған тәсілдерді атап өтті. Мемлекет құрылыс барысында, сапа мен бақылауды қамтамасыз ету, оның ішінде экологиялық мәселелер бойынша жауапкершілікті өзіне алмақ.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізді жаңғырту, оның ішінде экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділіктен арылу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта жоғары деңгейде өңделген өнім өндіру бойынша көптеген өнеркәсіптік ірі жобалар, сондай-ақ ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Осыған орай, менің ойымша, туризм саласының қарқынды дамуы байқалады. Қазақстан лайықты туристік бағыттардың біріне айналуға мүдделі. Оның үстіне бізде үлкен артықшылық бар – бұл біздің тауларымыз. Әлемдік сарапшылар Алматының таулары әлемдегі ең үздік таулардың бірі екенін атап өтті.
Бүгінгі таңда туризм саласы Алматының жалпы өңірлік өнімінің 3,9%-ын құрайды, 83 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Былтыр қала 2,3 млн-нан астам туристі қабылдаған. Ал, тау кластері жыл бойы жұмыс істейтін туризмнің алғашқы ірі жобасы болмақ. Бұдан өзге, туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында тау шаңғысы курорттарын одан әрі дамыту жоспарлануда.
Әнуарбек Мырзатайұлы