Күн жылынғалы балалардың терезеден құлауы жиілеп кетті. Жыл басынан бері елімізде 60 жазатайым оқиға тіркеліпті. Бес бала оқиға орнында қайтыс болса, 55 бала түрлі жарақат алған. Мамандар көбіне балалар терезедегі торға сүйеніп, ауыр салмақпен сыртқа құлайтынын айтады. Бүгін Астанадағы Есіл ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы, полиция және волонтерлар бірігіп, арнайы рейд ұйымдастырды.
Міне, біз Есіл ауданындағы көпбалалы үйге қарай бет алдық. Ол отбасының терезесіне мамандар мынандай арнайы блокираторлар, яғни бекіткіш құралдарды тегін орнатады. Себебі жыл басынан бері астананың өзінде 22 бала терезеден құлаған. Өкінішке қарай мұндай жағдай биыл бес айда 4 есе өскен.
Мұндай бекіткіштер әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жергілікті атқарушы органдардың демеушілігімен орнатылып жатыр. Сондай-ақ ҚР-ның Құрлыс нормалары заңнамасына былтырдан бері көпқабатты тұрғын үйлерді салу мен жобалау кезінде терезеден құлап кетпеу жағдайларын ескеру енгізілді. Яғни енді тұрғын үйлер арнайы қауіпсіздік құрылғыларын қолдана отырып салынады.
Сағадат Әнес, Есіл ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары:
- Жыл басынан бері 5 бала қаза тапты. Оқыс оқиғалардың негізгі себептері балаларды ата-аналардың жалғыз қалдыруы. Күннің аптап ыстық болуына байланысты терезелерді ашық қалдырады. Сол себепті москит сеткаларға сенбеуді де сұраймыз.
Волонтёр:
- Мұндай жағдайлар жанды ауыртады. Ерікті болған соң жиі куә боламыз. Сондықтан ата-аналарға терезеге арнайы торларды орнатуға, үстіне оңай шығатын жиһазды терезенің қасына қоймауға кеңес беремін. Балаларға терезе маңында ойнау қауіпті екенін түсіндіріп отырса деймін.
Көбіне 2 жастан 7 жасқа дейінгі балалар терезеден жиі құлайды. Қасіреттің алдын алу үшін құтқарушылар кішкентай балаларды жалғыз қалдырмауға кеңес береді. Сондай-ақ балаларға қауіпсіздік ережелерін үнемі айтып отырған жөн.
Құралай Жұмахан, Бауыржан Ебелеков